Президенттік резервтегі жастарды жұмысқа орналастыру қалай жүріп жатыр?

Dalanews 17 нояб. 2022 14:43 891

Елдің ертеңі – жастар. Бұл орайда, елімізде кейінгі буынның мүмкіндіктерін, жалынын, жігерін тиімді пайдалануға бағытталған бірегей жобалар жетерлік. Мәселен, үш жүзден астам талантты жасты іріктеп алған жоба – Президенттік жастар кадрлық резерві биыл төртінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Ал сынақтардан сүрінбей өткен, сайдың тасындай сақа жастар мемлекеттік қызметке тағайындалып жатыр.

 

350 резервисттің 253-і жұмысқа орналасқан

Жас қазақстандықтар үшін өзінің ашықтығымен және тиімділігімен ерекшеленетін әлеуметтік-саяси лифт құру идеясын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы сайлау науқаны аясында ұсынған болатын.

Бұл – жобаның іске қосылуы жоғары дайындықтан өткен жастарға мансап баспалдағымен мемлекеттік ұйымдарда да, квазимемлекеттік секторда да басшылық лауазымдарға көтерілуге де бірегей мүмкіндік ашуды көздейді.

Сондай-ақ, резервтегілер тізіміне енгізілген қазақстандықтар үшін бөлінген қаражат шегінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби немесе тұлғалық даму үшін оқу курстары мен біліктіліктерін жетілдіруден өтуге мүмкіндік берілді.

Бүгінгі таңда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің деректері бойынша екі іріктеуден тұратын 350 резервисттің 253-і жұмысқа орналасқан. Алғашқы іріктеу 2019 жылы өтті. Қатысушыларды бағалау үшін мемлекеттік қызметтің кәсіби өкілдері, ҮЕҰ өкілдері, сала мамандары, сонымен қатар қоғам қайраткерлері шақырылды.


Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптардың қатарында Қазақстан азаматтығы, жас шектеуі (35-тен жоғары емес), жоғары білім, ұсыныс хат, сондай-ақ жұмыс өтілі (кемінде 5 жыл) болған.

Сондай-ақ, Президент тағайындаған саяси және мемлекеттік қызметшілер іріктеуге қатысқан жоқ. Мәселен, өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы хабарланғаннан кейін алғашқы күндері ғана 3 мыңнан астам қатысушы тіркелсе, кейін еліміздің барлық аймақтарынан, сондай-ақ шетелден келген қатысушылар саны 13 мыңға дейін өсті.

Барлығы 7,3 мың жас жерлестер іріктеуге жіберілді, олар онлайн тестілеуден бастап, сарапшылық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесуге дейін, яғни бір орынға 24 үміткер іріктеудің бірнеше кезеңінен өтті.

2019 жылғы іріктеу нәтижесінде 300 жас қазақстандық бес жыл мерзімге запастағылар тізіміне енді. Көп ұзамай резервтегілер мемлекеттік қызметтегі әкімшілік-саяси лауазымдарға, квазимемлекеттік сектордағы басшылық қызметтерге тағайындау үшін қарастырыла бастады.

Алғашқы іріктеуден қазіргі таңда 300 резервтік қызметкердің 223-і жұмысқа орналасқан. Орталық мемлекеттік органдарға – 105, жергілікті атқарушы органдарға – 36, ұлттық компанияларға – 47 және басқа да жеке ұйымдарға – 35, сонымен бірге 20 резервші – саяси, 11-і – «А» корпусына, Парламент Мәжілісінің депутаттығына – 1, облыстық мәслихаттың депутатығына 1 резервтегі азамат алынды.

 

Жастар қайда еңбек етуде

Жоба өзінің өзектілігін дәлелдеді және 2021 жылы екінші іріктеу өткізілді, оның барысында жаңа бағалау құралдары енгізілді және басты назар, ең алдымен, қоғамдық мүддені басшылыққа ала отырып, жас таланттарды анықтауға аударылды.

Екінші іріктеу қорытындысы бойынша тағы 50 жас қазақстандық 3 жыл мерзімге запастағылар тізіміне енді.

Екінші іріктеуден қазіргі таңда 50 резервтік қызметкердің 30-ы жұмысқа орналасқан. Орталық мемлекеттік органдарға – 21, жергілікті атқарушы органдарға – 5, ұлттық компанияларға – 3, басқа ұйымдарға – 1 кадр, сонымен қатар 1-еуі – саяси, 1-еуі "А" корпусындағы лауазымға тағайындалды.

– Бірінші басшылардың штаттан тыс кеңесшілері лауазымдарына резервшілерді тағайындауға қатысты айтатын болсам, қазіргі уақытта Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде бірінші басшының штаттан тыс кеңесшілері лауазымдарына 2 резервші тағайындалды. Олардың екеуі де «Аманат» партиясы қатарынан алынды, – деді агенттік қзыметкерлері.


Егер мемлекеттік органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына резервшілер қатарынан азаматтарды енгізу туралы айтатын болсақ, онда мемлекеттік органдар жанындағы осы құрамға 39 жас кіреді, 4 резервші екі консультативтік-кеңесші органның мүшелері болып саналады.

Оның ішінде, 1 резервші Парламент Мәжілісіндегі жұмыс органының мүшесі; 22 жас директорлар кеңесінің мүшелері; 13-і қоғамдық кеңестің мүшелері; 1 кадр Қазақстан халқы Ассамблеясының (Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі) мүшесі; 1 маман Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшесі; Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамына 3 резервші кіреді. Сондай-ақ 4 жас «Аманат» партиясының саяси кеңесінің құрамына енді.

 

Белсенді жастар ойларын бірінші басшыларға тікелей жеткізеді

Осы қатардағы жастардың бірі – бүгінде Парламент Сенаты аппараты жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып жүрген белсенді азамат Максим Споткай бұл жобаның бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген жастардың көп бөлігін мемлекеттік қызметте бақтарын сынап, қызықты идеяларды талқылау алаңына айналдыруға мүмкіндік бергенін айтты. Оның пайымынша, резервтегілердің басым көпшілігінің тамаша білімі, өз саласында берік тәжірибесі бар, ең бастысы, еліміздің дамуына үлес қосуға деген ұмтылыстары зор.

– Бірқатар әріптестеріміз резервке өткеннен кейін министр, вице-министрлер, облыстардағы әкім орынбасарлары мен департамент басшылары, сондай-ақ мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордағы басқа да құрылымдар қызметтеріне тағайындалды.

Дарындылық пулы жас мамандардың нетворкинг және коммуникация алаңын құруына көмектесті. Бірте-бірте жаңа кәсіби орта қалыптасып келеді, резервтегілер ой-пікірлермен, ұсыныстарымен алмасады, өз аймағының немесе жалпы елдің өзекті мәселелерін бірлесіп шешеді, қоғамдық пайдалы мақсаттарды жүзеге асыруда бір-біріне қол ұшын созады, – деді Максим Споткай.

Ол жастардың кадрлық резерві тек тағайындау ғана емес, сонымен қатар мүдделі тараптармен және мемлекеттік қызметкерлермен тікелей байланыс орнату мүмкіндігі береді.


Осылайша, министрлермен, Президент Әкімшілігінің басшылығымен және басқа құрылымдармен кездесулер резервтегілердің күшімен бірнеше рет ұйымдастырылды. Бұл орайда, белсенді жастар өз ойларын бірінші басшыларға тікелей жеткізе алады. Өз жобаларын ұсынып, кейіннен мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырды.

 

Домалаған тас мүк жинамайды

Соңғы уақытта елімізде шығармашылық бағыттың көптеген өкілдері пайда болды. Бұл – жастардың жаңа мәдени толқыны.

– Менің ойымша, бұл барлық қазақстандықтарға серпін берді. Көптеген жастар волонтерлік қызметке тартылған. Ол ең жоғары баға мен құрметке лайық. Сонымен қатар, жас ғалымдарымызды атап өткен жөн. Олар керемет жұмыс істейді. Дарынды спортшылардың жаңа буыны қалыптасты. Жалпы, қазір әр салада жастар белсенді түрде түрлі бастамаларды ұсынып, жүзеге асыруда. Қазақстан жастарының азаматтық белсенділігі артты. Бұл алдағы кезеңде еліміздің дамуына оң әсерін тигізеді деп сенемін, – деп қосты Максим.

Оның ойынша, мемлекеттік тілді дамыту, волонтерлік, білім беру, кәсіптік оқыту, спорт пен шығармашылық салаларындағы жобалар қашанда өзекті болып қала бермек.

– Домалаған тас мүк жинамайды. Біз тырысуымыз керек, өз кандидатурамызды жастар кадрлық резервіне ұсынуымыз немесе басқа жобаларға қатысуымыз қажет, – деп санайды М.Споткай.


Жалпы, Қазақстанның мемлекеттік аппаратында Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда жас құрамы айтарлықтай кең. Мәселен, «Молодеж» ұлттық ғылыми орталығының есебіне сәйкес, орталық мемлекеттік органдардың 53 пайызын, жергілікті атқарушы органдардың 46 пайызын жастар санатына жатқызуға болады.

Жоғары лауазымды да атқарып жүрген жас шенеуніктер жетерлік. Десе де, жасы 30-дан асқан Қазақстан азаматы Сенат депутаты бола алатынына қарамастан, қазіргі таңда Парламентте жас сенаторлар жоқ.

Депутаттардың орташа жасы – 59,6 жас. Мәжілістегі жас кадрлардың жағдайы көңіл қуантарлық. Мәжілісмендердің шамамен 20 пайызын жастар құрайды. Ал орталық мемлекеттік аппаратқа келетін болсақ, онда басқарушылардың үлесі 42 пайызды шамалап қалады, яғни 19 басқарманың сегізінде жас басшылар отыр.

 

Жас резервистерден кімді білеміз?

Енді жоғары шенді жастардың бірқатарының атын атап, түсін түстесек, Әбілқайыр Тамабек – Ауыл шаруашылығы вице-министрі. Жамбыл облысының тумасы 27 жасында вице-министр болды. Оның сәуір айында жоғары лауазымға тағайындалуы жұртшылық арасында үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары оның жасына емес, жас мемлекеттік менеджердің еңбегінің еңбек жолына назар аударды. Алайда, орталық аппараттың құрамын жаңарту саясатын қолдайтындар да болды.

– Әрине, оның жұмысының тиімділігін бағалауға әлі ертелеу. Бірақ, жалпы алғанда, билікке жас та тәжірибелі жұмысшыларды шақыру үрдісі бар, – деді саясаттанушы Данияр Әшімбаев бұл тағайындау туралы.

Вице-министр Халықаралық бизнес университетін, Луис Ұлттық университетін және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2011 жылы жеке серіктестікте инспектор болып бастаған. 2015-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінде және Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде әртүрлі лауазымдарды атқарған. 2020-2022 жылдары - Жамбыл облысы әкімдігінің жердің пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы – бас мемлекеттік инспекторы болды. 2022 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Жамбыл облысы бойынша жер ресурстарын басқару басқармасының басшысы қызметін атқарды. Қазір министрліктегі фитосанитарлық қауіпсіздік және өсімдік шаруашылығы бағытына жетекшілік етеді.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова 1988 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Англиядағы ең үздік білім ордаларының бірі – Уорвик университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.


Еңбек жолын көптеген менеджерлер сияқты ұлттық компанияда – 2006 жылы «KazRuno» АҚ маманы болып бастады. Әділет министрлігі Заңнама департаментінің қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару заңнамасы және қорғаныс саласындағы заңнама бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы болды.

2015-2017 жылдары осы департаментте өнеркәсіп және көлік саласындағы экологиялық заңнама және заңнама бөлімін басқарды. 2017-2022 жылдары Әділет министрлігі Заңнама департаменті директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарды. 2022 жылдың сәуірінен бастап Әділет вице-министрі болып тағайындалды.

Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Александр Данилов тәуелсіздікпен құрдас. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің және Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған ол әр жылдары бірқатар жастар қоғамдық ұйымдарының жетекшісі де болды. Жастар саясаты мен үкіметтік емес ұйымдарды белсенді түрде насихаттады және осы бағыттағы жұмыстармен айналысты.

Жеке ұйымдарда басшылық қызметтерді де атқарған. 2020-2022 жылдары ол Stopfake.kz факт-чекинг жобасын басқарды. Қазір ол министрлікте жастар және отбасы саясаты бағытына жетекшілік етеді.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов 1991 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Воллонгонг университетін (БАӘ), Қазақ технология және бизнес университетін және Астана IT университетін бітірген.

2015-2016 жылдары «Қазақстан МЖӘ орталығы» АҚ жоба бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы болып жұмыс істеді. Жеті жылдан кейін бас менеджер болды. «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингінің департамент директоры, «Qazinnovations инновацияларды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. Ол 2022 жылдың қыркүйегінде Ғылым және жоғары білім вице-министрі болып тағайындалды.

Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов – 35 жаста, Түркістан облысында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ-ді, Лондондағы Kings College, Лондон университетін, IE Business School бітірген, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.


Еңбек жолын 2010 жылы коммерциялық ұйымдарда бастады. 2014-2015 жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің бас маманы, директоры болып жұмыс істеді. 2015-2016 жылдары «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ департаментінің жоба жетекшісі болды. 2019 жылға дейін министрдің кеңесшісі, департамент директорының орынбасары, Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаментінің директоры қызметтерін атқарды.

2019-2022 жылдары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша басқармасының басшысы болды. 2022 жылғы 13 қаңтардан бастап Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды. Онда макроэкономикалық даму, жобаларды басқару, табиғи монополияларды реттеу, халықаралық экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік етеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев 1989 жылы Алматыда дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, Швейцариядағы Cesar Ritz колледжін бітірген.

2007-2014 жылдар аралығында бірқатар қоғамдық ұйымдарды басқарды. 2015-2018 жылдары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Адами капиталды дамыту департаментінің директоры, басқарушы директоры қызметтерін атқарған. Содан соң 2022 жылға палатаның басқарма төрағасының орынбасары - басқарма мүшесі болды. Биылғы тамыз айынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарып келеді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов 1987 жылы дүниеге келген. 2009 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 2009 жылы «Қазақтелеком» АҚ-да бастады. Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаменті «Электрондық үкіметті» дамыту және қорғау бөлімінің сарапшысы болды. 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің ақпараттандырудың жаңа моделін қалыптастыру және жобалық құжаттаманы талдау бойынша сарапшысы, бас сарапшысы болып еңбек етті.

2014 жылы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басқарушы директоры, 2014-2017 жылдары «Қазпошта» АҚ құрылымында қызмет істеді. 2018-2021 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2021 жылдың қаңтарынан бастап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалды және Электронды үкімет пен мемлекеттік қызметтерді қадағалайды.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зульфия Сүлейменова 1990 жылы 25 ақпанда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавриат және магистратурасын бітірген. «Қауіпсіздік және халықаралық зерттеулер» бағдарламасы бойынша Жапонияның Ұлттық саяси зерттеулер институтында PhD дәрежесін алды. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.


Еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының Аймақтық және жаһандық қауіпсіздік департаментінің ғылыми қызметкері ретінде бастады. 2020 жылдың қаңтарынан 2021 жылдың қаңтарына дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Климаттық саясат және жасыл технологиялар, Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменттері директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың наурызына дейін Парламент Мәжілісінің депутаты болды. 2022 жылдың наурыз айынан бастап Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалды.

Байқағанымыздай, бүгінгі жас мемлекеттік шенеуніктердің бірнеше дипломдары бар, сонымен қатар олар үш немесе одан да көп тілді меңгерген және дені Президенттік резервте тұр. Бір қызығы, көпшілігі өзінің еңбек қызметін қоғамдық ұйымдарда немесе ұлттық холдингтерде бастаған. Дегенмен, менеджментте тек білім ғана емес, жобаны басқару, реформаларды дамыту және көшбасшылық дағдылардағы тәжірибе де маңызды. Өйткені, мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуеті еліміздің әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттырумен тікелей байланысты. Десе де, бұл буын сенімнен шығады, үмітті ақтайды деген пайымдамыз.

Жалпы, Президенттік жастар кадрлық резерві құрылғалы бері жоба еліміздің жас ұрпағына кәсіби ұмтылыстарын жүзеге асыруға зор мүмкіндік беріп, жалпы жастар саясатының дамуына да септігін тигізді. Көріп тұрғанымыздай, резервтегілердің басым бөлігі жоғары лауазымдарды иеленіп, ел болашағына белсенді үлес қосып жатыр.

 

Рекомендовать
Последние новости