ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жылды қалай қарсы алатынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Президенттің Жаңа жылға қандай жоспары бар? Мемлекет басшысы аталған мейрамды әдетте қалай қарсы алады? Қаңтар айының алғашқы күндері демалысқа немесе сапарға шығуды ойластырып отырған жоқ па?
"Мемлекет басшысы Жаңа жылды еліміздің миллиондаған азаматтары секілді өз шаңырағында, туыстарымен біргемерекелік дастарқан басында қарсы алады. Президенттің Жаңа жылда шетелге шығу немесе демалу туралы жоспары жоқ", - деді Берік Уәли Tengrinews.kz тілшісінің сұрағына.
Берік Уәли Қасым-Жомарт Кемелұлының демалысқа уақыты тапшы екенін, Президент мереке күндері де жұмыс істеп, құжаттар қарайтынын атап өтті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ана тілі" газетінде кең көлемді сұхбаты жарық көреді.
Сұхбат 2025 жылдың 3 қаңтарда жарияланады.
Президент сұхбатта ішкі және сыртқы саясаттағы басты оқиғаларға бағасын береді.
Сондай-ақ елдің биылғы саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын қорытындылап, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындайды.