Президент Мағауиннің жақындарына көңіл айтты

Көркем Алдабергенова 10 янв. 2025 11:47 321

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Мұхтар Мағауиннің жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.

– Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген жеделхатта.

Бүгін жазушы Мұхтар Мағауин өмірден өтті.

Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин желідегі парақшасында жеткізді.

Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55) деп жазды Едіге Мағауин.

Айта кетейік,  Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967 – 71 жж. «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1983 – 84 жж. еркін шығармашылық жұмыста, 1984 – 86 жж. «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыс- та, 1988 – 2006 жж. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.

Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты (1967). Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019).


Рекомендовать
Последние новости