Полиция жансақтау бөліміне түскен Сәрсенбайға байланысты жаңа мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 09 мар. 2024 14:25 3508

Алматы облысының полиция департаменті (ПД) ұсталған соң жансақтау бөліміне түскен саяси және қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайға күш қолданылмағанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“9 наурызда Алматы облысы Талғар аудандық ІІБ қызметкерлері азамат Р.Сәрсенбайды сотта жоспарланған әкімшілік істің қаралуына байланысты Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстар туралы заңнамасын бұзу фактісі бойынша полиция бөлімшесіне әкелді. Қонаев қаласындағы сот ғимаратының жанында заңсыз митингі өтті. Бөлімшеге жеткізілген уақытта Р.Сәрсенбай қан қысымының көтерілгенін айтты. Осы кезде жедел медициналық бригада шақырылды. Қазіргі уақытта Р.Сәрсенбай медициналық мекемеге тексеруге жіберілді. Полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері немесе күш қолдану фактілері болған жоқ”, - деді ПД сенбі күнгі баспасөз хабарламасында.

Бұған дейін хабарланғандай, саяси тапсырыспен өлтірілген оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбаевтың ағасы, саяси және қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай саяси тақырыпта баспасөз мәслихатын өткізбес бұрын Талғар аудандық полициясына “әңгімелесуге” шақырылған. Кейін оның қамауға алынғаны туралы ақпарат расталды. Ал содан соң саясаткердің ауруханаға жеткізілгені, тіпті оның жансақтау бөліміне жатқызылғаны белгілі болды.


Рекомендовать
Последние новости