Павлодардан халық көшіп жатыр: Облыс әкімі себебін атады

Қаракөз Амантай 19 дек. 2025 15:48

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірден көшіп жатқан халыққа қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Әкімге бұл сауалды қойған журналист биылғы жылдың алғашқы 10 айында Павлодар облысынан 6 мыңнан астам адамның кеткенін атап өтті. Осыған жауап берген өңір басшысы мәселенің күрделі әрі жүйелі сипатқа ие екенін айтты.

"Бұл сұраққа үстірт жауап беру мүмкін емес. Себебі бұл – біз қазір жұмыс істеп жатқан негізгі жүйелі проблемалардың бірі", – деді Асайын Байханов.

Облыс әкімінің айтуынша, халықтың көшіп кетуінің басты себептерінің бірі – экологиялық ахуалдың нашарлығы. Павлодар облысы ел бойынша зиянды шығарындылар көлемі жөнінен бірінші орында тұр.

"Еліміз бойынша жыл сайын атмосфераға 2,1 миллион тонна қатты бөлшек шығарылады. Соның 30 пайызы немесе шамамен 700 мың тоннасы Павлодар облысының үлесіне тиесілі", – деді ол.

Әсіресе, шығарындылардың негізгі бөлігі Екібастұз қаласына тиесілі. Мұнда ірі энергия өндіруші кәсіпорындардың жұмысына байланысты жылына шамамен 400 мың тонна зиянды қалдық ауаға тарайды.

Сонымен қатар, әкім көші-қон көрсеткіштерін тек кетушілер саны арқылы ғана емес, өңірге келушілер санымен бірге қарастыру қажет екенін айтты.

"32 мың адам өңірден көшіп кеткен болса, 24,5 мың адам керісінше облысқа келген. Нәтижесінде таза көші-қон айырмасы шамамен 8 мың адамды құрайды", - деді Асаин Байханов.

Өңір басшысы жастардың Ресейге кетуін де халық санының азаюына әсер етіп отырған факторлардың бірі ретінде атады. Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан Павлодар облысынан мектеп түлектері Новосібір, Омбы, Томск және Кемерово қалаларына оқуға жиі кетеді.

"Солардың 50–60 пайызы оқуын аяқтағаннан кейін сол жақта қалып, өмірін сол елде жалғастырады", – деді әкім.

Асаин Байханов сондай-ақ өңірдің этникалық құрамына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Павлодар облысы халқының 57 пайызын қазақтар, ал 43 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайды.

Халық санының азаюын өтеу мақсатында нақты шаралар қабылданып жатқанын айтқан әкім оңтүстік өңірлерден еңбек күші артық аймақтардан қоныс аудару бағдарламасына назар аударды.

"Қазіргі таңда Павлодар облысына 5 500 адам қоныс аударды. Сонымен қатар 1 500-ге жуық қандас көшіп келді. Дегенмен халық санының азаюы бар екенін мойындаймыз және бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деп түйіндеді өңір басшысы.


Рекомендовать
Последние новости