Парламенттік реформа: бұл турасында депутат Бәпи не дейді?

Сағыныш Сардарова 10 сент. 2025 11:51

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи депутаттық сауалында Президенттің Қазақстан халқына жолдауы турасында пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, бұл жолдау басқалардан әлдеқайда өзгерек болып тұр. Оған бірнеше себеп бар.

"Президенттің өзі айтқандай, "жаңа геосаяси тәртіп орныға бастаған" бүгінгі теңселіп, тербетіліп тұрған құбылмалы әлемнің жағдайында Мемлекет басшысы елді жаңа саяси өзгерістерге жетелеген бастамаларын жария етті. Бәлкім төрткүл дүниеде алай-дүлей толқын туып тұрған дауылды дәуірде әліптің артын бағып, біздің тыныш жата тұрғанымыз дұрыс па еді? Қазақшалап айтқанда, "жау алып бара жатқан" ештеңе жоқ еді... Бірақ Президент осындай аумалы-төкпелі заманда "менің мақсатым – елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету" деп, болашақтың қамын күйттеген қадамға бастамашы болды. Мемлекет басшысы болашақтың бағдарын, жасампаз жаңалықты жария етті. Ешкім мәжбүр етпеді, қарапайым қағытып айтқанда, оны "ешкім оны тілінен тартқан жоқ". Бұны елдегі өзгерістерге құштарлықтың, шынында да "Жаңа әділетті Қазақстан" құруға деген тәнтіліктің белгісі деп білу керек", - дейді депутат.

Жолдаудағы ең маңызды мәселе - парламенттік реформа.  

"30 жылға жуық саясат аренасының бір пұшпағында жүрген мен өзім бұл реформа Қазақстан Парламентін нақты саяси күшке айналдыруға, ықпалды Парламент формуласын шынайы жүзеге асыруға бағыттайды деп санаймын. Біз осындай реформалар арқылы қоғамның саяси белсенділігін арттыруға және өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға бағытталған бастама деп қабылдаймыз.

Қалай болғанда да, күндердің күнінде біз партиялық сайлау жүйесіне келуіміз керек еді. Біз халықаралық қоғамның бір бөлшегі ретінде әлемде қалыптасқан, әзірге басқа формасы табылмаған жалпыға ортақ партиялық сайлау жүйесіне біртіндеп көшуіміз керек болған. Мысалы, әлемдік демократияның алтын бесігі саналатын АҚШ-та екі партиялық сайлау жүйесі қалыптасқан; Еуроодақ елдерінің барлығы дерлік партиялық негіздегі Парламенті пен Үкіметін сайлайды", - деді Бәпи.

Ол Еуропалық баспасөз қауымдастықтарымен, жекелеген халықаралық азаматтық ұйымдармен біршама тығыз байланысы барын, екі күннен бері олар Қазақстанда болатын болашақ саяси өзгерістерге таңырқап, қызығушылықпен хабарласып жатқанын жасырмады.

"Бұл қызығушылықтың өз жөні бар. Біз Азия континентіндегі қоғамдық-саяси дамуы терең стагнацияға ұшыраған мемлекеттердің қоршауындағы елміз. Авторитарлық формадан аттап өтуге бет алған "аралдағы" біздің өзгерістерге ол мемлекеттер үрке қарайды. Қазіргі геосаяси әлемнің күрделілігі тұрғысында біз осындай тәуекелдерге қарсы тұра білетіндей жалпы қоғамдық институт құра білуіміз керек. Ол институттың алтын қазығы – қоғамның ортақ үні мен ерік-жігерін жұмылдыратын парламенттік жүйе болуы тиіс. Ал бұл Парламент қазақстандық қоғамның болашақ даму алгоритмін қалыптастыратын саяси күштердің діңгегі бола алуы керек" - деді Бәпи.

Дегенмен, оның сөзінше, "билікті оңды-солды сынау дағдысы сүйегіне әбден сіңіп қалған, тырнақ астынан кір іздеу "кәсібі" дәстүріне айналған жекелеген белсенділер мен саясаткер-сымақ азаматтар осы бастаманың өзінен кінарат іздеп отыр.        

Еске салайық, бұған дейін Президент Қазақстанда бірпалаталы парламентке көшуді ұсынды.

  


Рекомендовать
Последние новости