Өзім де 2 жасар қызымнан айрылғанмын: Сот жарыссөзінде сөз кезегі Бишімбаевқа берілді

Сағыныш Сардарова 03 мая 2024 17:44 2447

Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот жарыссөзі жалғасып жатыр. Сот жарыссөзінде барлық тарапқа сөз берілді. Ендігі кезек басты айыпталушы Қуандық Бишімбаевтың өзіне келді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бишімбаевтың сөзіне сенсек, болған жайтқа өкінеді, тіпті күн сайын Құдайдан кешірім сұрайды.

"Бірінші сот отырысынан бастап айтқанымды қайта айтқым келді: болған оқиғаға кінәлімін... Қатты өкінемін. Құдайдан күн сайын кешірім сұраймын. ...Мені бұл қайғыны сезінбейтін, жүрегі жоқ адам деп жатыр. Мені Салтанатты жамандады деп те айыптады. Бірақ мен өзім білетін шындықты айтуыма тура келді", - деді ол.

Ол жас кезінде өзі де қызынан айрылғанын, бұл ауыр қайғыны түсінетінін айтып бақты.

"Мен де бір кездері, жас күнімде қызымнан айырылдым. 23 жасымда екі жасар қызым ауырып қайтыс болды. Бұл қандай ауыр қайғы екенін түсінемін. Мұны салыстыруға келмейтіні түсінікті. Бірақ ешқашан біреуді қасақана өлтіргім келмеген", - деді ол.

Бірақ Бишімбаев бұған дейін бірнеше сот отырысында айтқан мәлімдемесін тағы да қайталап, қасақана өлтірді дегенмен келіспейтінін жеткізді.

"Әдейі өлтірген жоқпын, бірақ Салтанаттың өліміне қатысым бар", - деді ол.

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube арнасынан онлайн қарады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Қуандық Бишімбаевқа қатысты 24 сәуірде өткен сот отырысында сот тергеуі аяқталғаны белгілі болды. Бишімбаевқа қатысты сот жарыссөзі ертең де жалғасады.


Рекомендовать
Последние новости