Отырар ауданында туризмді дамытудың мүмкіндігі зор

Dalanews.kz 08 февр. 2024 12:46 2812

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Отырар ауданына жұмыс сапарымен арнайы барып, сондағы  әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Алдымен аудан әкімдігінде аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, талап-тілектерін тыңдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қабылдауға келген азаматтың бірі жастарға арналған 2,5 пайыздық несие алуға қолдау көрсетуді сұрады.

Музей саласында қызмет ететін жас маман еліміздің өзге де өңірінен, шетелдерден келген туристерге керамикалық бұйымдарды жасап, сатуды мақсат етіп отыр.

Жеңілдетілген несиеге қажетті құрылғыларды алып, өз кәсібін бастағысы келетінін жеткізді. Жалпы елімізде жастарды қолдауға арналған бағдарламаның берері мол.

2023 жылы аталған бағдарлама аясында Отырар ауданы бойынша 81 азамат 2,5 пайыздық несие алып, өз кәсібін бастаған.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы киелі Отырар ауданы туризмді дамытуға қолайлы аймақтың бірі екенін айтып, туристерге арналған керамикалық бұйымдарды дайындаудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда айтылған ұсыныстың маңызы зор екенін атап өтті.

Бұдан бөлек қабылдау барысында азаматтар тарапынан жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек алу секілді бірқатар өтініштер айтылып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Қабылдаудан соң аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановпен бірге аймақтағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жай-күйімен танысты. Алдымен «Шәуілдір-Көксарай» бағытындағы облыстық маңызы бар жол құрылысы жұмыстарын көрді.

Жұмыс сапары аудандағы Т.Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектебі мен М.Шойманов ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің құрылысын аралаумен жалғасты.

Т.Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектебі 2007 жылы салынған. Оқу ордасында 92 мұғалім, 42 кіші қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі таңда мектепте 567 оқушы білім алады. Мектептің материалдық жағдайы орташа, едендері тозған, есік-терезелері ескірген, ішкі және сыртқы қабырғаларына толық жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.

М.Шойманов ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2023 жылы басталған болатын. 2024 жылға өтпелі. Тапсырыс беруші мекеме аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі. Аталған нысанға облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралған.  Жеңімпаз мердігер «IT Invest company» ЖШС-нің өкілі құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы толық аяқталатынын жеткізді.

Аралау барысында Ш.Қалдаяқов атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының сыртқы қабырғаларын қаптау, сондай-ақ орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу мәселесі көтерілді. Аталған мектеп 1969 жылы салынып, 1970 жылы пайдалануға берілген. Бейсенбай Дәулетұлы оқушылардың сапалы білім алуы үшін оларға қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын айтып, көтерілген мәселені өз бақылауына алатынын айтты.

Аудандағы әлеуметтік маңызы үлкен нысанның бірі – Шәуілдір ауылында салынып жатқан 600 орындық мектеп жайы. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошағын «Мелиосервис К» ЖШС-і 2023 жылы өз қаржысы есебінен бастаған. Қазіргі таңда мектептің іргетасы құйылып, қабырғалары көтерілуде. Жаңа мектеп жайы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Іссапар барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары аудандағы құрылыс нысандарын мерзімінен кешіктірмей, сапалы жүргізуді жауапты мекеме басшыларына жүктеді.


Рекомендовать
Последние новости