"Жануардың жүріс-тұрысын салып, анекдот айтты". Назарбаевтың "тамадалығы" туралы естелік тарады

Сағыныш Сардарова 06 февр. 2024 14:25 4190

Әлеуметтік желіде Санжар Керімбайдың "Өзбекәлі және мәдени майдан" атты кітабынан үзінді тарады. Кітапта Назарбаевтың да есімі аталады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үзіндіде естелік Өзбекәлі Жәнібековтің баласының атынан берілген. Дәлірек айтсақ,онда үйлену тойының барысы сипатталып, алғашында тойды адуынды ақын Шаханов бастағаны айтылады.

"Алматыда қазақы нақышта той тойлау атымен құрыған еді. Әкем арнайы домбырашы алдырып, келініне беташар жасап, барлық игі жақсыға иілдіріп сәлем салдырды. Үйлену тойым ресторанда дүркіреп өткен жоқ. Бәрін қосқанда 90 шаршы метр болатын төрт бөлмелі пәтерде ұйымдастырдық. Ағайын-туыс тойға деп ауылдан бір қап күріш, бүтін бір қойдың етін арқалап келгені есімде. Той алдында әкем тұла-бойымызды өлшеп алды да, тігіншіге барып, ұлы мен келініне қазақша ою-өрнегін жарқыратып, ұлттық киім тіктіріп әкелді. Тойда келіншегім сәукеле киіп отырды. Әлі есімде, тойдың бірінші бөлімінде Мұхтар Шаханов тамада болды. Бірақ ол баяу сөйлейтін болғасын тойды қыздырып әкете алмады. Жақсы ақын болғанымен,мықты асаба емес екен", - деп жазылған естелікте.

Кітапта тойдың екінші бөлімінде тамада ретінде жиынды Назарбаев тізгіндегені жазылған.

"Ол нағыз асаба екен. Елдің бәрін күлдіріп, отырысты қайнатып жіберді. Жануардың жүріс-тұрысын салып,анекдот айтып, қонақтарды күлкіге қарық қылды. Ойын ойнатып ешкімнің ішін пыстырмады. Әсіресе әйелдер жағы тамадаға риза болғаны сонша: "Шіркін, қандай жігіт! Міне нағыз азамат!" - деп оның өнеріне тамсана қол соғып, аузының суы құрып әңгімеледі. Нұрсұлтан барлық қонаққа ерекше әсер қалдырды", - деп жазылған кітапта.


Рекомендовать
Последние новости