“Өтініштер түскен жоқ”. СІМ Украинадағы қазақстандықтарға қатысты мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 22 нояб. 2024 17:35 1218

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялау туралы өтініштер түспегенін, сондықтан арнайы ұшақтарды жіберу жоспарда жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Смадияровтың айтуынша, Украинадағы Елшілік штаттық режимде жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер министрлігінде әлемдегі жағдайға мониторинг жасайтын арнайы Ахуалдық орталық бар. Министрлік мәліметіне сәйкес, Киевтегі шетелдік дипломатиялық корпус өз жұмысын жалғастырып келеді және азаматтарын эвакуациялап жатқан жоқ.

“Қазақстандықтардан да эвакуациялау бойынша өтініштер түскен жоқ және қазір арнайы ұшақтарды жіберу жоспарда жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Украинада соғыстың жалғасып жатқанына екі жылдан асты. Кетемін деген азаматтар елден шығып кеткен. Бірақ біздің есебіміз бойынша Украинада қазір 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Нақты санын айту анықтау қиын” – делінген ресми мәлімдемеде.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын СІМ Украинадағы Қазақстан азаматтарына елден шығуға кеңес берген болатын. Смадияровтың сөзінше, Қазақстанның дипломатиялық қызметі өз міндеттерін толық атқарып келеді және қажет болған жағдайда отандастарға барлық қажетті көмек көрсетуге дайын. Министрлік Украинадағы жағдайдың дамуына қарай тиісті шаралар қабылдайтынын да атап өтті.


Рекомендовать
Последние новости