Kaspi.kz 2024 жылдың III тоқсаны бойынша дивидендтер төлей бастады

Кәмшат Тілеухан 21 нояб. 2024 12:32 292

Kaspi.kz акционерлері 2024 жылдың III тоқсанына дивиденд төлеу туралы шешім қабылдады. Бір жай акцияға 850 теңге мөлшерінде дивиденд бекітілген. Алайда, KASE-де финтех компания жариялаған құжатта жалпы сома нақтыланбаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Биржада орналастырылған акциялар санына (199 500 000 дана) сүйенсек, ол 169,6 млрд теңгені немесе III тоқсандағы таза кірістің 62%-ын құрайды деп болжауға болады. Осы кезеңдегі қаржылық есептілікке сәйкес, Kaspi.kz 274,4 млрд теңге табыс тапқан. Тура осындай соманы отандық компания өз акционерлеріне 2024 жылдың I және II тоқсандарында да төлеп үлгерген: I тоқсанда шамамен 223 млрд теңге, II тоқсанда — 243 млрд теңге. Ағымдағы жылдың тоғыз айында компания 740,4 млрд теңге табыс тапты.

Айтқандай, шілде айында Kaspi.kz 2024 жылдың соңына дейін таза кірісін 1 трлн теңгеге дейін немесе 2023 жылдағысынан (848,8 млрд теңге) 25%-ға арттыруды жоспарлап отырғандарын мәлімдеген. Сол кезде компания өз инвесторларына халықаралық экспансияға басымдық беретіндерін, яғни "уақыты келгенде, барлық капиталын осы мақсаттарға бағыттаудан еш тартынбайтындарын" айтқан. Ал қазан айында Kaspi.kz түріктің электронды платформасы Hepsiburada-ның  65,41% акциясын 1,13 млрд долларға сатып алғалы жатқандарын жариялады. 20 қарашада Түркияның реттеуші органы бұл келісімге рұқсат берді. Осыдан кейін бұл реттегі мәміле 2025 жылдың I тоқсанының соңына дейін аяқталып қалатыны жария етілді.

Қазіргі уақытта Kaspi.kz-ның ірі акционерлері Михаил Ломтадзе (21,53% үлес), Вячеслав Ким (20,39% үлес), сондай-ақ 23,78% үлесімен Baring Vostok қорлары болып табылады. Қалған акциялар пакеті миноритарийлер арасында өзара бөліп таратылған.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың қаңтарында Kaspi.kz америкалық NASDAQ қор биржасында IPO өткізді, оның барысында 1 млрд доллардан астам қаражат тартылды. Биыл наурыз айында финтехкомпания Лондон қор биржасы тізімінен "LSE нарығындағы сауда-саттық көлемінің төмендігіне байланысты" өз қағаздарын алып тастады.  


Рекомендовать
Последние новости