"Осындай күйге түсемін деп ойламаса керек". Отандық БАҚ-та Қажыгелдиннің сұқбаты жарияланды

Dalanews 01 янв. 2025 16:50 1521

Қазақстан билігіне парламенттік республика болуына, демократиялық бағытқа бұрылып, либерализация жүргізуге Ресейдің өктем саясаты қолбайлау болып отыр? Осы сауалды Ulysmedia.kz  жылды қорытындылаған саясаткер, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдинге қойып көрді, деп жазады Dalanews.kz.

 

"Біз де қызметте болдық қой бір кезде. Маған Черномырдин (Ресей министрлер кеңесінің төрағасы болған) болсын немесе Ельцин (Ресей президенті болған) болсын, телефонды жұлып алып, нұсқау бере алмайтын. Мәселе Путинде ғана емес, мәселе бізде. Намысың болса, жүрегің болса, мінезің болса, қай жері әкетіп бара жатыр аналардың? Мен олардың арасында бірге өстім, мектепте оқыдым, әскерде болдым, институтта оқыдым, жатақханада жаттым. Мінезіңді көрсетсең, сыйлайды. Сыйлаудан басқа ештеңе керегі жоқ. Олар бізді жалғанда жақсы көрмейтін де шығар, керегі де жоқ бізге", - дейді ол.

Саясаткердің айтуынша, сондықтан "ойбай Москва, ойбай Путин" деген аргументті сылтау деп есептейді.

"Өзімізден бәрі. Дәл қазір өзгеріске бұрылатын жағдай болып жатыр. Мына Сирияда жағдай неден болды? Сириядағы жағдай, олардың артында тұрған екі үлкен мемлекеттің қуатын жоғалтып бара жатқан себебінен болған нәрсе. Иран мен Ресей! Мемлекеттің келешегін сақтау тұрғысында мәселені талқылайтын болсақ, онда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жасап жатқан әрекеттері өте дұрыс. Екіншіден, пайдалы. Үшіншіден, көрінбесе де, саяси жетістіктер бар", - дейді ол.

Сондай-ақ аталған басылымға берген сұқбатында Қажыгелдин Назарбаевпен болған арадаға әңгімесіне де тоқталады. 

– 2024 жылы Назарбаев әулеті жайында аз айтылған жоқ. Самат Әбіш те, Қайрат Сатыбалды да бостандыққа шықты. Жақында Путинмен кездесті. Қалай ойлайсыз, Назарбаев мәселесі неге әлі біржақты болмай тұр? Неге әлі шулатып жатыр?

– Мен сырттай сотталғанмын, Нұрекең екеуміз Еуропада кездестік. Сонда талай әңгімелерді талқыладық. Мен: "Нұреке, өмір-кезек деген бар. Бетін аулақ қылсын, бірақ уақытында кетпейтін болсаңыз, күйеу балаңызды тоқтатпасаңыз, оны шетелге бір қызметке жібермесеңіз, жағдай өзгеріп кетуі мүмкін. Сол кезде маңайыңызда кім қалатынын көреміз" дедім.

– Сөйтіп ашық айттыңыз ба?

– Ашық айттым. "Мен оларды не істеуім керек", - деді ол кісі. "Мұсаев пен Р.Әлиевті үкіметтік жұмыстан босатып, сонымен құтылыңыз" дедім. Ал ең дұрыс жол – Рахатты Аустралияға, Жаңа Зеландия, Чили немесе Аргентинаға елші ретінде тағайындап жіберсеңіз, сонда ғана өзіңіз де, ел де тыныш болады дедім. Әрине, түсініп отырмын ғой туыс екенін. Сонда ол кісі келіскендей болды да, бірақ менің ақылымды алты жылдан кейін қабылдады. Мен мұны неге айтып отырмын. Әрине, ол кісі 30 жылдай отырды ғой билікте. Бүгінгі халықаралық ақпаратты оқысаңыз, президент қатарлы президенттер арасында ол ең бай адам. Оның байлығы Сауд Арабия королінің байлығымен шамалас. Сондықтан оны біз болмасақ та, шетелдегі БАҚ атап отырады. Бірақ ол кісі дәл осындай күйге түсіп қаламын деп ойламаса керек. Маңайында болып жатқан бар жағдай ол кісінің өз қолында. Мысалы, 2019 жылы өзі тағайындап, билікті берген Тоқаевты өзі түртпектеп, мазасын қашырды. Неге 2022 жылы Қаңтар оқиғасына дейін жеткізді? Ал Самат пен Қайратты Мәскеу мен Минскінің қолдауымен алып шықты түрмеден. Екі басшы сол кісінің сөзін сөйлеп, Қасым-Жомартқа айта беріп, Қайратты абақтыдан солай алып шықты. Әрине, өз қаны, туғаны ғой. Туған баласындай болып кеткен қос інісін шырылдап қорғап жүргені бір жағынан жарасатын сияқты. Бірақ осы жолғы барғанының ар жағында не тұрғанын кім білсін? Анық нәрсе, ол жерде Қазақстанның келешегі туралы әңгіме болған жоқ. Мүмкін тағы да бірдеңені сұраған шығар. Бұл жағдайды Ресей де қолданды. Қайта-қайта звандап, қоймаған соң қабылдады деді, бұл – бір. Екіншіден, бұл – Кремльдің Астанаға жіберген мессенджі. Қ.Тоқаев денсаулығы жақсы болса, қызметтен кетпейді, бізге ол кісінің қызметтен кеткенінің керегі жоқ. Тоқаев Назарбаев емес. Сондықтан 2029 жылға дейін президент болып отырғанын қалауымыз керек. Сіздер 2029 жылға дайындалуларыңыз керек, - дейді Қажыгелдин.


Рекомендовать
Последние новости