Орхан Памук романдары қазақ тілінде сөйледі

Dalanews 10 нояб. 2016 09:48 1911




Елордада 11 караша күні сағат 14. 00-де «КӨРМЕ» орталығында, Еуразиялық халықаралық «Eurasian Book Fair-2016» атты кітап көрме-жәрмеңкесі аясында түріктің көрнекті жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты, бірнеше ұлттық, халықаралық әдеби сыйлықтардың иегері Орхан Памуктің «Сезім музейі» (аударған Маржан Ершу) және «Менің атым Қырмызы» (аударған Амангелді Құрметұлы) атты екі кітабының тұсаукесері өтеді.


Орхан Памук шығармалары «Фолиант» баспасының тапсырысымен қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыр. Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер қатысады.


Орхан Памук 1952 жылы 7 маусым күні Ыстамбулда туған. «Ыстамбул –естеліктер қаласы» кітабында жазғанындай, Орхан Памуктың 22 жасына дейін суретші болам деген арманы болған. Ыстамбулдағы американдық Robert колледжінде білім алады. Колледж бітіргеннен кейін ата-анасының ақылымен Ыстамбулдағы техникалық университетте оқыған (әке-шешесі оның инженер-құрлысшы болғанын қалаған), алайда ол үшінші курстан кейін кәсіби жазушы болу үшін бұл оқу орнын тастап кетіп, 1977 жылы Ыстамбул университетінің журналистика институтын тәмамдайды.

1982 жылы «Жевдат мырза және оның балалары» атты алғашқы романы жарыққа шығады. Бұл романы үшін Памук «Ұлттық романы» медалімен марапатталады.



Бұдан соң «Үнсіз үй» атты романы жарыққа шығып, француз тіліне аударылып басылғаннан кейін бұл романы да оған танымалдылық әкеледі және әдебиет саласындағы халықаралық сыйлыққа ие болады.

1985 жылы жарыққа шыққан « Ақ қамал» романы бірнеше тілге аударылып, оның атын әлем жазушыларының қатарына қосты.

1985-1988 жылдары аралығында АҚШ елінде өмір сүріп, Колумбиялық университетінде (Нью-Йорк) қызмет атқарады.

1990 жылы «Қара кітап» атты романы жарыққа шықты. Бұл романы да бірнеше тілге аударылып, Францияның Өнер аталымына берілетін үлкен сыйлығын алды.

1994 жылы «Жаңа өмір» атты өлең-романы жарыққа шықты.

1998 жылы «Менің атым Қырмызы» романы жарыққа шығып, бірнеше тілге аударылды. Осы романы үшін оған бірнеше елдің «Әдеби сыйлық» марапаты берілді. (Франция 1998 , Италия 2002, Ирландия 2003).

Орхан Памук 1990 жылдың ортасынан бастап адам құқығы, ой еркіндігі тақырыбында жазған мақалаларымен өзінің батыл ойлы қаламгер екендігін танытты.



1999 жылы баспасөзде жарияланған мәдени-әдеби ой-толғаныстарын, мақалаларын жинақтап, «Түрлі түстер» атты кітабын шығарды. Алғашқы және соңғы романым деп атаған «Қар» (2002) романы да оқырман қауымның қызығушылығына ие болды. «New York Times Book Reuiew» ұйымының шешімімен 2004 жылы «Әлемдегі ең үздік 10 кітаптың» қатарына енді.
2005 жылы «Baris» Бейбітшілік медалі (Германия ), «Әлемнің 100 интеллектуалы және 100 көрнекті өкілі» тізіміне кірді. Шығармалары 62 тілге аударылып, кітаптары бірнеше басылыммен қайтара басылып, 12 миллионнан аса таралыммен тараған.

Америкадағы Мәдениет академиясының, Қытайдың өнер академиясының құрметті мүшесі, көптеген Батыс, Шығыс университеттерінің құрметті профессоры, бірнеше ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иегері.

2006 жылы Орхан Памук Нобель сыйлығының лауреты атағын алды.


 

Дереккөз: baq.kz

Рекомендовать
Последние новости