Оқушы сиыр тезегінен биогаз өндіруді қолға алды

Dalanews 12 мар. 2017 15:42 1265

Кезінде бір сөзшең адам электрдің қуатына тамсанып отырып: «Бұрын боқпен қайнатушы едік, қазір тоқпен қайнататын болды, тәубе» деген екен. Сол үрдіс қайтадан кері айналатын түрі бар. Глубокое ауданының Бобровка ауылында тұратын Никита Джепаров сиыр тезегінен биогаз өндіретін қарапайым құрылғы ойлап тауыпты, деп хабарлайды Altaynews.kz.

Бобровка орта мектебінің оқушысы «Үй жағдайында биогаз өндіру» атты жобаны «Жас техниктер стансасындағы» жетекшісі Юрий Резвицкийдің нұсқауымен сәтті жүзеге асырған.

14 жастағы техник бұл теориямен көптен бері әуестеніпті. Айтуынша, тезектен газ өндіру алғаш Қытайда пайда болып, кейін Еуропаға тарапты. Тіпті, Лондонның бір көшесі түгелдей тезектен алынған қуатпен жарықтандырылған екен.

Кейін электр пайда болып, бұл технология ұмыт қалады. Баламалы энергия көздеріне сұраныс артқан тұста биогаздың мүмкіндігіне қайтадан көңіл ауып отыр. Ал Никитаның жобасы сол биогазыңызды үй жағдайында алуға арналған.

Ең көп күйіс қайтаратын мал болғандықтан газ алуға ең қолайлы шикізат сиырдың тезегі саналады. Никита тезекті ашытып, божыту үшін эмульсиялық бояулардан босаған пластик ыдыстарды пайдаланыпты.

Бірнеше күн ауа өтпейтіндей етіп бықтырғаннан кейін тезек құрамындағы метан мен көмір қышқылынан газ бөлініп, тұмшаланған ыдыстың бетіне қалқып шығады. Оны газ құбырына жалғау үшін Никита ыдыстың қақпағына кәріз кранын орнатыпты. Н.Джепаров аталмыш құрылғы арқылы ондаған тәжірибелер жүргізіп, бір сиырдан тәулігіне шамамен 4,2 текше метр газ алуға болатынын есептеп шығарыпты.

–  Бір шаршы метр аумақты тәулік бойы жылыту үшін 0,2 текше метр биогаз кететін көрінеді. Демек, көлемі 60 шаршы метр ғимаратты жылытуға үш сиырдың тезегі артығымен жетеді, – дейді өнертапқыш.

Биогаз экологиялық қауіпсіздігі жағынан табиғи газдан да тиімді. Оның үстіне одан қалған қалдықтың құрамында азот көп болғандықтан тыңайтқыш ретінде топырақтың өнімділігін 30 пайызға дейін арттырады.

– Біздің есебіміз бойынша Қазақстандағы бүкіл малдың тезегінен бір уақытта 40 бесқабатты тұрғын үйді жылытуға болады, – дейді Никита. Қажеттігіне қарай Никитаның құрылғысын аса үлкен көлемде жасауға да болады. Ал ресейлік ғалымдар қаланың кәріз жүйесін тазарту ғимаратынан осы тәсілмен биогаз өндіруге талпынуда.

Есімжан Нақтыбай

Рекомендовать
Последние новости