ОПЕК+ отырысы: Сауд Арабиясы Қазақстан мен Иракқа неге сес көрсетті

Кәмшат Тілеухан 03 окт. 2024 10:01 1825

2024 жылғы 2 қазанда кешкісін Қазақстан үшін маңызды Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің (JMMC) 56-шы отырысы өтті. 2024 жылдың шілде және тамыз айларындағы шикі мұнай өндіру мәліметтері мен ағымдағы нарық жағдайлары талқыланған бұл отырыс алдындағы телефон арқылы өткізілген конференцияда араб елдері Қазақстан мен Иракқа сес көрсеткен еді. Осы жайттар мен Қазақстан позициясы туралы Dalanews.kz мақаласынан таныса аласыздар.

"Сауд Арабиясының энергетика министрі, ханзада Абдель Азиз бин Салман ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді шектеу туралы келісімді бұза берсе, мұнай бағасы барреліне 50 долларға дейін құлдырауы мүмкін екенін ескертті. Ал бұл деген Сауд Арабиясы альянс мүшелері квоталарды сақтамаса, баға соғысы басталуы мүмкін. Ханзада, әсіресе бұл ретте Ирак пен Қазақстанды атап өтті, олар үнемі келіскен шектеулерді бұзады. Тамыз айында Ирак өз квотасын тәулігіне 400 мың баррельге арттырса, Қазақстан Теңіз кенішіндегі жұмысты жандандыруға байланысты мұнай өндіруді көбейтуді жоспарлап отыр", делінген телефон конференцияға қатысқан делегаттар сөзін жариялаған The Wall Street Journal басылымындағы мақалада.

Осылайша Сауд Арабиясы келісімдерді сақтауды талап етуде, өндірістің ұлғаюы нарықтың артық толуына және бағаның құлдырауына әкелуі мүмкін екенін баса айтты.

Оның үстіне Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс мұнай нарығындағы алыптардың дегбірін қашыруда. 1 қазанда кешке Иран Израильге зымырандар атқылаған соң Brent маркалы мұнайдың бағасы күрт көтеріліп, халықаралық эталон 5%-ға қымбаттады. Осылайша қара алтынның бір баррелінің құны 75 долларды құрады.Қор биржасындағы сарапшылар аймақтағы қақтығыстың ушығуы Парсы шығанағынан экспортталатын мұнайдың Ормуз бұғазы арқылы жеткізілуіне кедергі келтіруі мүмкін деп қауіптенеді.Мұндай жағдайда бұған дейін жұмыс істеп тұрған ықпал тетіктер өз күшін жоюы ықтимал. Сондықтан араб елдерінің жүйкесі сыр беретін жөні бар.

Дегенмен аталған кездесу барысында Ирак Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы қыркүйек айында ұсынылған өтемақы жоспарларына сәйкес өз міндеттемелерін толығымен орындағандарын растады.

"Үш ел келісімнің қалған мерзімінде міндеттемелерін орындауға және өтемақы төлеуге бейілділігін де нақтылады.Комитет Ирак Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы өкілдерінің қатысуымен тамыз және қыркүйек айларында өтемақы жоспарларын орындау туралы үш жеке техникалық семинар мен аналитикалық агенттіктердің қатысқанын атап өтті. Мониторинг комитетіне қатысушылар міндеттемелер мен өтемақыларды орындаудың аса маңызды екендігін ерекше атап өтті. Мониторинг кабинеті бұрын қабылданған міндеттемелердің, соның ішінде қосымша ерікті қысқартулардың орындалуын бақылауды жалғастырады және нарықтық жағдайды тұрақты түрде бағалайды", делінген 2 қазанда жариялаған ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мониторинг комитетінің келесі 57-ші отырысы 2024 жылғы 1 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр. 


Рекомендовать
Последние новости