Оңтүстік Кореяда биліктен шеттетілген президент қамауға алынды

Қаракөз Амантай 15 янв. 2025 09:14 620

Оңтүстік Корея билігінен шеттетілген президент Юн Сок Ёль тұтқынға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Yonhap мәліметінше, жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы жемқорлықты тергеу басқармасы (CIO) Юнды тергеуге алып кеткен.

Тұтқындалмас бұрын Юн қысқа видеоүндеу жариялап, тергеу басқармасына “қақтығыстың алдын алу үшін” өз еркімен баратынын мәлімдеген.

“Бұл істің заңсыз екеніне сенімдімін, бірақ елде қажетсіз қақтығыстар мен қан төгілудің алдын алу үшін Жемқорлықты тергеу бюросына баруға шешім қабылдадым. Бұл — аталған істі мойындағанымды білдірмейді”, — деді ол.

Сонымен қатар Юн елде заң үстемдігі принципі бұзылып жатқанын, оған қарсы іс қозғаған тергеу органдары мен тұтқындауға ордер берген сот та мұндай құқыққа ие болмағанын айтты.

Yonhap-тың хабарлауынша, бұл ел тарихындағы қызметтегі президенттің тұтқындалуымен байланысты алғашқы жағдай.

Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Корея тергеушілері биліктен кеткен президент Юн Сок Ёлді тұтқындауға әрекет жасаған еді. Бірақ операция сәтсіз аяқталды. Себебі мемлекет басшысын ұстауға оның күзетшілері бірнеше сағат бойы қарсылық көрсеткен. Сонымен қатар операцияны тоқтатуға тергеушілердің өміріне төнген қауіп те себеп болған.

Еске салайық, 14 желтоқсанда Оңтүстік Корея Парламенті 3 желтоқсанда қысқа мерзімді әскери жағдай енгізілгені үшін президентке импичмент жариялап, оның өкілеттігін тоқтатқан еді. Прокуратура оны бүлік ұйымдастыру және билікті асыра пайдалану бойынша айыптауда.


Рекомендовать
Последние новости