"Оның мүддесін қорғауға әзірміз": Ата-аналар Сара Назарбаеваның "Бөбек" қорын өзгертуге қарсы шықты

Қаракөз Амантай 14 авг. 2024 10:53 2027

Ата-аналар Үкіметтің Сара Назарбаеваға тиесілі "Бөбек" орталығын қайта құру бастамасына қарсы шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Олар арнайы петиция жариялаған. Айтуларынша, бұл бастама балаларға жасалатын жағдайға кері әсерін тигізуі мүмкін.

"Біз, "Бөбек" гимназия мектебінде оқитын балалардың ата-аналары, орталықтың қайта құрылу жоспарына алаңдаушылық білдіріп отырмыз. Балаларға сапалы білім беру мен олардың денсаулығын жақсарту мақсатында құрылған орталық бүгінгі күнге дейін өз міндетін сәтті орындап келеді. Кешенді құрамға енген мектеп, балабақша, колледж және оқу-сауықтыру кешені бүлдіршіндеріміздің жан-жақты дамуы жолында қызмет етуде. Басқару нысанын өзгерту орталықты коммерцияландыруға алып келуі мүмкін, бұл оның басты миссиясына – балаларға қолжетімді және сапалы білім мен медициналық қызмет көрсетуге әсер ететіні сөзсіз. Сондай-ақ қайта ұйымдастыру кадрлық деңгейлер мен білім беру бағдарламаларындағы өзгерістерге әкелуі мүмкін.

Бұл орталыққа түсу оңай емес, көптеген ата-ана балаларына дәл осы жерде оқуға және дамуға мүмкіндік беруге тырысады. Ал орталықты қайта құру балаларымызға жасалатын жағдайлардың нашарлауына әкеп соғады және қалыптасқан балансты бұзады деп ойлаймыз. Біз оқу-ағарту министрлігінен "Бөбек" орталығын қайта құруға қатысты жоспарын қайта қарауды сұраймыз. Оның басқару формасын өзгерткенше, оны дамыту мен қолдауға инвестиция құйса жөн болар еді. Біз орталықтың қазіргі күйінде сақталғанын қалаймыз және балаларымыздың болашағы үшін оның мүддесін қорғауға әзірміз", - делінген петиция мәтінінде.

Еске салайық, бұған дейін Ашық НҚА порталында Сара Назарбаеваның "Бөбек" ұлттық орталығында өзгерістер болатыны туралы жазылған еді.

Оқу-ағарту министрлігі "Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта ұйымдастырмақ.

Ведомствода "Бөбектің" орнына балаларға инклюзивті білім беру мекемесін құрмақ.

"Қазақстан Республикасы Бала құқықтары туралы және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияларды ратификациялап, инклюзивті білім беру қағидаттарын іске асыру үшін жағдайлар жасау жөніндегі міндеттемелерді қабылдады. "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8 бабының 6 тармағына сәйкес мемлекет инклюзивті білім берудің мақсатын іске асыра отырып, білім берудің барлық деңгейінде даму мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді.

Осыған байланысты, 2029 жылға қарай Білім беруді дамыту тұжырымдамасына сәйкес 100% білім беру ұйымдарында  (мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру)  инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау көзделген", - делінген құжатта.

Оқу-ағарту министрлігінің бұл бастамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі 1 тамызда қолдаған. 

Бұдан басқа, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын болып қайта ұйымдастыру ұсынылады, ол Орталыққа ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысуға, инклюзивті білім беруді дамытудың өзекті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізуге және Орталықта жұмыс істеу үшін ғылыми кадрларды тартуға мүмкіндік береді.

"Бөбек" орталығы 1997 жылы Сара Назарбаеваның бастамасымен құрылған. Бастапқыда ұйымның қызметі балаларды физикалық сауықтыруға, олардың рухани дамуы мен білім алуына бағытталған. 2001 жылы Сара Назарбаева "Өзін-өзі тану" білім беру жобасын қолға алды.


Рекомендовать
Последние новости