Олимпиада ойындарында бағы жанбай қалған Әбиба Әбужақынованың үйі ипотекада

Көркем Алдабергенова 30 июл. 2024 16:48 2273

Журналист Бақтияр Тайжан Олимпиада ойындарында бағы жанбай қалған Абиба Әбужақынованың үйі ипотекада екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Оның сөзінше, Абиба - Өзбекстанның тумасы, сүті қазақ. Өзбекстан құрамасында бірінші болған.

«Ала топылы ағайын жеме-жемге келгенде жауапты жарыстарға Әбибаны емес, оның көлеңкесінде жүрген өзбек қызын таңдайды. Ол үшін өзбек ағайындарды кіналауға болмас. «Қарына тартағанның қары сыпсып» деген бар. Реті келсе, біз де осындай таңдауда қазағымызға бұрып тұрамыз. Әбиба мен бірге тағы бір қазақ қызы Есмигүл Күюрова да тарихи Отанына оралды», - деді Бақтияр Тайжан.

Өзбекстаннан елге келген танымал спортшылар, қазақ атын аспандатқан спортшылар аз емес. Дегенмен Абиба  Әбужақынованың жөні бөлек. Бүгінде Әбиба Әбужақынова - қыздар құрамасының көшбасшысы.

«Барған жауапты жарыстарынан олжасыз оралмайды. Әлемдік рейтингте 3-і орында. Мұндай орынға қазақ дзюдошы қыздарынан әзірге ешкім жеткен жоқ. Парижде финалда-ақ күресетін әлеуеті бар еді. Сәл сәттілік жетіспеді. Қола медальға жарақатымен шықты. Қарсыласы, он сегіз жастағы қыз швециялық Тара Бабулфат бәрін білді. Спортшыға құрметтен ада қыз жарақат алған аяғын теуіп тастағанын көріп отырдық. Жеңілгеніне қорланған Әбиба жылады. Жылап отырып үміттерін ақтай алмаған үшін қазақ халқынан кешірім сұрады. Мына жақта отырып алтын қыздың жүрекжарды сөзі үшін өзіміз де көзімізді шылап алдық», - деп жазды журналист.

Чемпион атанған Елдос Сметовке мәрт азаматтар түрлі сый жасап жатыр. Осы орайда журналист Әбибаға да сый жасауға шақырды.

«Ел мерейін тасытқан Елдос бастаған ерлерге алтыннан сарай салдырып берсең де аздық етпейді. Соның бірі - Әбиба. Бір сұхбатында Атыраудағы үйі ипотекада екенін айтып қалды. Қасына Есмигүлді алған екен. «Париж олимпиадасының алтыны алсам үй және әйбат машина алам» деп күліп арманын да айтып қалды. Жас қой, жарасады.

Әбибаның тарихи жеңістері: 2021 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатының финалында қытайлық спортшы Ли Янаннан жеңіліп, күміс медаль алды. 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен құрлықтық чемпионатта Әбиба тағы да күмісті жеңіп алды, бұл жолы финалда жапондық Вакане Когаға жол берді. Ташкентте өткен 2022 жылғы әлем чемпионатында қола медаль ұтты. 2023 жылы Португалиядағы Гран-при сериясындағы турнирде жеңімпаз атанды. Ол дзюдодан осындай беделді турнирде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық болды. Орысша сұрақ қойған журналистке қазақша сұхбат берген Әбиба - кешегі батыр Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларының жұрнағы. Жеңіске жетсе мәз болып, кимоносындағы қазақ елтаңбасын көрсетіп, қолымнан жүректі бейнелейтін сұрапыл қыз да бар құрметке лайық. Елдосқа 100 қылқұйрық атаған мәрт қазақтар қазақта көп. Допты қисық тебетіндерді өзі сайыпқыран Елдостан көп ақша табады. Жанды дауыспен ән айта алмайтын фонограмшик, әнебір ағамыз айтып жүргендей шегірткелерге де үйіп төгіп ақша беретіндер осы жолы бір қайрат көрсету керек. Әбиба жарақат алса да «белім ауырды», «тізем ауырды» деп жеме-жемге келгенде Олимпиада ойындарынан бас тартқан анау келемсектердей, ат басындай алтын беріп ардақтап жүрген отансыздардан барлық жағынан артық. Атымтай жомарттар қайдасыңдар?!» - деді ол.

Айта кетейік, Абиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта Париж Олимпиадасының қола жүлдесіне қол жеткізе алмады. Отандасымыз үшінші орын үшін өткен белдесуде швед қызы Тара Бабулфазға жол берді.

Бұған дейін Парламенті Мәжілісінің депутаты, Республика партиясының төрағасы Айдарбек Хожаназаров та Олимпиадада жеңіліс тапқан Абиба Әбужақыноваға сыйақы беретінін айтты.


Рекомендовать
Последние новости