Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Қостанай облысын өндірісті өңірге айналдыруымыз қажет»

Dalanews 10 нояб. 2017 12:54 906

Мемлекет басшысы Қостанай облысына арнайы іс-сапармен барып, өңірдің инвестициялық əлеуетімен танысты. 
Ең басты жаңалық қытайлық China National Vehicle Import and Export компаниясы 10 жыл ішінде Қазақстанның автоөнеркәсібіне 1 млрд доллардан астам қаражат құятын болды. Нәтижесінде Қостанайда алдағы 3 жылда 60 мың көлік шығарылады. Елбасының өңірге сапары аясында осындай келісім бекіді. Нұрсұлтан Назарбаев «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорнын аралап, аймақтың инвестициялық ахуалымен танысты.

Соңғы жылдары астықты өңірде өнеркәсіп те қанат жайып келеді. Оған дәлел – бір ғана «Сарыарқа Авто Пром» зауыты. Кәсіпорын биылдың өзінде 4 мыңнан аса көлік шығарған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 6 жарым мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.



Биыл өндіріс орны Iveco автобусын жасауды қолға алды. Отыратын орындықтан бастап автосалонның жабдығына дейін өзіміздің елде өндіріледі. Осылайша отандық үлес 53 пайызға жетіп отыр. Бұл көлік кезінде EXPO көрмесіне қойылды. Өз тиімділігін дәлелдеді. Енді еліміздің бірқатар облысына жөнелтіледі. Сұраныс жаман емес.

Сондай-ақ өндіріс орны биыл JAC S3 автокөлігін құрастырып жатыр. Отандық үлес әзірге 35 пайыздан асады. Мамандар көлікті жасап қана қоймай, сыртын да бояйды. Мұнда құрастырылған көліктер бүгінде талайдың қажетіне жарап жатыр. Отандық алғашқы электромобильдер де осында шығарылды.

Темір тұлпарды кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тізгіндеп, көңілі толған болатын.

Бұл жолы да Елбасы бұл көлікті сырт айналып өте алмады. Темір тұлпар 8 сағатта толықтай қуатталады. Қуат көзі 240 шақырымға дейін жетеді.



Ал алыс жол жүретіндер үшін енді Алматы мен Астана қаласында жыл соңында 120 қуаттау бекеті ашылады. Мұндай электромобильдер келер жылы сатылымға шығарылады. Темір тұлпардың құны 7 жарым млн теңгеден басталады.

Ал заманауи көлік түрі қолжетімді бола түсу үшін зауыт басшылығы алдағы уақытта 4,5 млн теңгеден сатуды көздеп отыр. Бастысы – экологияға еш зияны жоқ әрі бір шақырымға тек 2 теңге шығын кетеді.

Елбасыға Қостанай облысының инвестициялық мүмкіндіктері де баяндалды.

Биыл 9 айдың өзінде аймақта 250 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Нәтижесінде мемлекеттік қазынаға 230 млрд теңге түсім түсті. 139 млрд теңге инвестиция құйылған. Аймақта EXPO көрмесіне қойылған 10 жоба іске асып жатыр.

Олардың жалпы құны – 2 млрд теңге. Осылай деген облыс әкімі барлық жетістіктерді жіпке тізіп берді. Орта және шағын бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалып келеді деді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі күні елімізде шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлініп жатыр. «Атамекеннің» бастамасымен «Бастау бизнес» кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін бағдарлама қолға алынған. Халықты бизнеспен айналысуға тартуымыз керек. Осы мақсатта қалай несие алудың жолдарын үйреткен жөн. «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында жұмыс жүргізіп жатқан «Атамекенге» қолдау көрсетуге тиістіміз. Себебі, шағын және орта бизнес өндірген өнімнің көлемі мен көрсеткішін өсіру керек. Халықты мейлінше жұмыспен қамтып, олардың өз ісі дөңгелетіп кетуіне көмектескен жөн. Мемлекет бұл тарапта барынша қолдау танытуда.

Өңір басшысының есебін тыңдай келе Елбасы бірқатар міндет жүктеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қостанай өңірі – астықты өңір. Азық-түлік өнімдерін өндіретін еліміздегі ең ірі аймақтың бірі. Иә, биылғы жыл ауыр болды. Соған қарамай өңін диқандары 5 млн. тонна астық жинады. Қостанайды тек аграрлық емес, сонымен қатар өндірістік өңірге айналдыруымыз керек. Дәл қазір осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Өз басым бұл өңірде автокөлік өндірісі жолға қойылғанын әуел бастан қалаған едім. Бұл Қазақстан бұрын соңды болмаған өндіріс болады. Бұдан былай біз ірі автокөлік өндіруші елге айналамыз. Солтүстік пен Шығыстағы қос зауыт соңғы жылдары жақсы жұмыс істеуде, соның нәтижесінде инвесторлар тарттық.

Шынымен де, қазір зауытта 600-ге жуық адам еңбек етеді. Орташа жалақы 130 мың теңгеден асады. Әсіресе мұнда жастар көп.

Әділ Шайкемелов, учаске шебері:

– Алғашында Алматының жоғарғы оқу орнын бітіріп, кейін зауытқа орналасқаннан кейін индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша грант иеленіп, әріптестеріммен бірге Астана мемлекеттік университетін бітірдік. Зауытымызда жас мамандар өте көп. Сондықтан мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында осындай бағдарлама өтіп жатыр.

Елбасының сапары аясында тиімді келісім бекіді. Қытайлық компания 10 жыл ішінде Қазақстанның автоөнеркәсібіне 1 млрд доллардан астам қаражат құятын болды. Бұл соманың 22,5 млн доллары қондырғыларды жаңғырту үшін алдын ала берілген.

Нәтижесінде келер жылдан бастап өндіріс көлемі 2 есеге арта түспек.

Андрей Лаврентьев, «Aллюр компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

– Қытайлық компанияның инвестициясынан кейін біз 3 жыл ішінде кәсіпорынның қуаттылығын арттырып, 60 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл Еуропалық экономикалық одақ елдеріне тасымалданатын көлік санын 30 пайызға ұлғайтуға сеп болмақ. Сондай-ақ Тәжікстанға шамамен мың JAC автокөлігін жөнелтетін боламыз. Оның жүзі биыл тасымалданады.

Рекомендовать
Последние новости