Нығматулинге тиесілі зауытты республикалық деңгейде комиссия тексереді

Көркем Алдабергенова 25 июл. 2024 15:58 1859

Қарағандыда Ерлан Нығматулинге тиесілі зауытты республикалық деңгейде комиссия тексереді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бүгінгі таңда 20 шілдеде болған топтық жазатайым оқиға салдарынан "YDD Corporation" ЖШС (Қарағанды) ферроқорытпа зауытында төрт адам қаза тапты. Осыған байланысты, ҚР Еңбек кодексіне (188-баптың 4-тармағы) сәйкес, ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың төрағалығымен топтық жазатайым оқиғаны тергеу жөніндегі республикалық арнайы комиссия құрылды, онда жазатайым оқиғаның себептері анықталып, кінәлі адамдар анықталады.

Комиссия құрамына: Қарағанды облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аумақтық департаментінің және жұмыс берушінің өкілдері кірді",-деп хабарлады Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысы кенеттен пештен шыққан жалынның салдарынан қатты күйік алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі 22 шілдеде қайтыс болды.

Бүгін зауытта болған апат салдарынан ауыр жарақат алған 8 адамның төртеуі қаза тапқаны белгілі болды. Қалған төрт адамның екеуі ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатса, тағы екеуі тәуір болған.   

Дәрігерлер сегіз науқастың алтауының жағдайын өте ауыр деп отыр.

"Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, Қарағанды ​​ферроқорытпа зауытында зардап шеккен жұмысшыны аман алып қала алмады. 1993 жылы туған, денесінің 85 пайызы күйіп қалған, осы уақытқа дейін өте ауыр жағдайда болған науқас қайтыс болды. Марқұмның жақын туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз", - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Еске салайық, 20 шілдеде, таңғы сағат 04:10-да YDD Corporation ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болды. Оқыста №1 пештен жалын шығып, салдарынан  кәсіпорынның 8 қызметкері түрлі дәрежедегі жарақат алды. 

Компания сенбі күні, 20 шілденің таңында зардап шеккен барлық қызметкердің ауруханада жатқанын, оларға шұғыл медициналық көмек көрсетілетінін айтты.

"Компания зардап шеккендерге барлық көмек көрсетеді және аурухананың медициналық қызметкерлерімен үнемі байланыста болады", -  деп сендірді YDD.

YDD Corporation ферроқорытпа зауыты Қарағандыда орналасқан. Жылына шамамен 240 мың тонна ферросилиций өндіреді. "YDD Corporation" ЖШС құрылтайшысы компанияның тең иесі Ерлан Нығматулин болды. 2021 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің рейтингіне кірді.


Рекомендовать
Последние новости