Назарбаевтың тұсында ғалымдар "Еңбек ерін" алмаған - Асқар Жұмаділдаев

Сағыныш Сардарова 06 дек. 2024 14:15 2720

Академик Асқар Жұмаділдаев Назарбаев тұсында ешқандай марапат алмағанын, алайда биыл жоғары дәрежелі марапатқа ие болғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ғалым Республика күні қарсаңында Тоқаевтың қолынан "Қазақстанның Еңбек ері" атағын алған болатын. 

"Анда-санда "Алла тағала беремін десе, терезеден тастай салады" деп қалжыңдаймын. Назарбаевтың кезінде де ұсынылғанмын. Бірақ ешқайсы болмады. Осы жолы қызық болды. Академия "Астанаға бар. Біз сені "Құрметке" ұсынғанбыз" деді. Сосын ""Құрметті" жас балалар алып жатыр ғой, ұят емес пе, жас балалармен жағаласып жүргенім" деп қалжыңдадым. "Заң сондай" деді. Ең алдымен "Құрмет" болады екен, содан кейін бес жыл өтуі керек екен. Заңы, тәртібі бар екен. Сөйтсем менде бірде бір орден жоқ екен, медальдар бар екен. ...Олар есепке алынбайды екен, орден болуы керек екен. Ақыр соңында бір күн қалғанда бардық. Президенттің арнайы ерекшелігі болады екен. Біреуді түрмеден шығарамын десе шығаруына болады. Біреуге атақ-даңқ беремін десе, бере алады. Патшаның аты патша ғой. Оған қарсы келмейсің. Сөйтсем, "Құрметке" жіберілген екен. Ақыр соңында ол кісі қарапты дағы (өзгерткізген - еск.). Рас-өтірігін білмедім", - деді ғалым ASSYLTAS TV-ға берген сұхбатында.

Академик марапат алған күнгі қызық оқиғаны баяндап берді. 

"23-і күні берді. Сол күні Астанада сұмдық кептеліс болды. Таксиді шақырамын, такси келмейді. Ақордаға жету үшін 3-4 такси шақырдым. Автобустың аялдамасына келіп тұрдым. Бір студенттер таныды. Бір автобусқа отырдым да, солай қарай тарттым. Автобус бір сағат жүреді екен. Бір уақытта жеттім. Телефонмен хабарласып қоймайды. Біреулер "газетке шығыпты ғой, құтты болсын марапат" дейді. Не марапат екенін білмеймін. ...Не керек, әйтеуір, автобуспен бардым", - деді Асқар Жұмаділдаев.

Оның сөзінше, Назарбаевтың тұсында ғалымдар мұндай марапат алмаған.

"Менің орденімнің арғы бетінде 52 саны таңбаланып тұр. Осы сәтке дейін бұл төсбелгі 52 адамның кеудесіне тағылыпты. Соның тең жартысын Назарбаев табыстаған екен. Бірақ Есімовке, ірі холдинг бастықтарына, ұстаздарға, дәрігерлерге, ақын-жазушыларға берген екен. Ғалымдарға бермеген. Рас-өтірігін білмедім, "ғалымдардан бірінші маған беріп отыр" деді ғой", - дейді академик.

Айта кетейік, биыл "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алғандар қатарында Президент жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев та болды.


Рекомендовать
Последние новости