Назарбаев неге тек қазақша сөйлемейді?

Dalanews 18 мар. 2017 07:26 889

Журналистерге сұхбат берген Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда қызу талқыланатын өзекті мәселенің бірі — тіл мәселесіне кеңінен тоқталды.

«Тілімізден, мәдениетімізден айырыла жаздадық, сол қорқыныш бізде қалып қойды. Әсіресе, бұл үрей аға буында басым.

Қазір Қазақстанда қазақ тіліне қарсы бір адам жоқ. Мәселе біздің өзімізде, қазақтарда.

«Президент неге тек қазақша сөйлемейді» деген сөздер айтылатынын білем. Қырық рудан жиылған, көп этностан құралған елміз. Оның бәрі Президенттің сөзін түсінбесе не болады? Ресейдің, АҚШ-тың, Түркияның президенттері бір ғана тілде сөйлейді. Ал менің екі тілде сөйлеуіме тура келеді. Осылайша мен екі есе көп жұмыс істеуге мәжбүрмін.

Бірақ мәңгілік бұлай болмайды. Қазірдің өзінде елімізде қазақтың үлесі 70 процентке жақындап келе жатыр. 2025 жылға дейін дайындалып, қазақ тілін барлық жерде енгізуге жұмыс жасаймыз.
Бірақ басқа тілдерден ажырап қалуға болмайды. Жабысып айырылмайық деген сөз емес, мәселе мәдениетте. Қанша тіл білсең, сонша мәдениеттісің. Орыс тілі әлемнің әдебиетіне жол ашты, ғылымына жол ашты.

Ал ағылшын тіліне келсек, Жолдаудағы мақсаттарға жету үшін ағылшын тілі керек. Ол тілде медицинада жаңа жасалған теория сипатталады. Ол орыс тіліне аударылуы үшін кемінде 5 жыл керек. Ал қазақ тіліне аудару үшін қанша жыл керек?

Егер ғылым, ақпарат, инновация, мәдениет орыс тілінде дамыса, бүкіл әлем орысша сөйлеген болар еді. Бәрі Қытайдан шықса, бәрі қытайша үйренуі керек болады. Қаласақ та, қаламасақ та, солай болар еді. Ол қажеттілік.

Ағылшын тілін білмей, ағылшын тілінде ашылған жаңалықты білмей қалай дәрігер болауға болады? Ағылшын тілін білмей қалай ғалым боласыз?» деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Елбасы қазақ тіліне әлдеқашан сіңіп кеткен сөздерді қазақ тіліне аударудың қажетсіздігі туралы да айтты.

«Шет елдік терминдер арқылы қазақ тілін байытудың орнына, лингвистикалық комитеті неше түрлі сөздерді ойлап табады. Марқұм Еркеғали Рахмадиев айтушы еді «Композитор едім, енді сазгер болдым. Пианином күйсандық болды» деп. Процентті «пайыз» деп алдыңыздар. Мен «пайыз» деген сөзді қолданбаймын» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дереккөз: egemen.kz


Рекомендовать
Последние новости