"Назарбаев - жауапқа тартылуы керек адам" - депутат Ермұрат Бапи

Көркем Алдабергенова 25 июн. 2024 16:09 5140

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев жауапқа тартылуы керегін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Назарбаевтың 30 жылғы билігін саралай келе айтарым, ол міндетті түрде жауапқа тартылуы керек адам. Ол жауап беруі керек. Біріншіден, ол ашық тұрпатымен халық алдында есебін беруі керек. Ал ол алды да кетті. Елді алға жеткіздім деп кетті. 

Ал артында мұрасы қалды ғой. Оның бәрі авторитарлық биліктің сұрқия, сұрақы мұрасы қалды. Сондықтан көптеген мәселе жөнінде оны жауапқа шақыру керек. Мысалы қудаланған саясаткерлер туралы, атылып кеткен саясаткерлер тұрғысында, қазіргі елдің жағдайы, ұрлық, талан-тараж, халық байлығын жеке-дара билігіне салып, тіпті Ұлттық банктегі қаржыны жеке адамдарға беру тұрғысында экс-президент Назарбаевқа қойылатын сұрақтар өте көп. Жүйелі түрде иллюстрация жасағаннан кейін нақты баға беруге болады деп ойлаймын", - дейді Ермұрат Бапи Airan media-ға берген сұхбатында.   

Еске салайық, бұған дейін Ермұрат Бапи Назарбаевтың шеттегі "есепсіз байлығы", шетелдегі активтер, Ресейдің Қазақстанға ықпалы туралы ашық айтқан болатын. 

Саясаткер Қазақстанда активтерді қайтару жөніндегі комиссияны Үкімет құратынын, оның құрамын да Үкімет жасақтайтынын, бұл құрамда өзі жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, бұл құрамға мүшелердің ішінде қоғам өкілдерінен екі адам бар.

"Бұған дейін Жақсылық Күлекеев болып еді. Қазір орнына біреу келді, білмеймін. Олардың комиссия туралы айтып жатқанын естіген жоқпын. Парламенттен екі адам, Сенаттан бір адам бар. Мәжілістен Марат Башимов деген конституциялық заңгер бар. Бұл тұрғыда оның тәжірбиесі жетерлік азамат. Бірақ комиссияның жұмысы құпия жүретін болғандықтан, ол кісі де көп ештеңе айта алмайды.

...Алғашқы кезде активтерді келісімімен, өз еркімен қайтару жөніндегі жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ ол кіммен, қалай жүріп жатқанынан хабарымыз жоқ. Себебі құпия болғандықтан, заңды қабылдаған депутаттардың өзі бейхабармыз. Бірнеше рет депутаттық сауал жолдадым. Әсіресе, халықты хабардар ету жөнінде (депутаттық сауал жолдадым - еск.). Халық активтерді қайтару мәселесінен көп үміт күтіп отыр. Сондықтан құрып кеткенде айына бір рет қоғамға бір ақпарат беріп отыру жөнінде бірнеше қайтара талап қойдық, ұсыныс жасадық. Бірақ әзірше анда-санда ақпарат әркімнің аузынан бір шығады. Бірде премьердің аузынан естідік. Өткенде ашық ақпаратқа шықты. Президент әкімшілігінің басшысы Дәдебаев мырзаның аузынан естідік. Сол сияқты активтерді қайтару мәселесінен терең хабардар емеспіз. Бірақ дегенмен жеке өзіме инсайдерлік ақпараттар келіп тұрады. Оның түп негізіне, ақиқаттығына, қауесет емес екеніне көз жеткізіп алу керек", - деді депутат "Адырна" ұлттық порталына.

Ермұрат Бапи шеттен қайтқан активтерді жинақтайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар екенін, бұл 100 пайыз Үкіметтің қарамағында екенін жеткізді. Оның сөзінше, бүкіл актив осында келіп түседі.


Рекомендовать
Последние новости