Наурызбай ауданы әкімдігі Дала көшесі тұрғындарының жанайқайына үн қатты

Қаракөз Амантай 31 окт. 2025 11:05

Күні кеше, 30 қазан күні Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №214 мектепте Дала, Кенжетаев және Жуалы көшелерінің тұрғындары қатысқан кездесу өтті. Жиында электрмен қамту, сумен жабдықтау және ауыз судың сапасына қатысты өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесуге Алматы қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы, «Тараз Энерджи» ЖШС және «Алматы Су» мекемесінің өкілдері қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша:

  • Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы Дала және Жуалы көшелеріндегі үйлерге арналған трансформаторлық подстанцияларды қараша айының соңына дейін қосып бітіру туралы шешім қабылдады;
  • «Тараз Энерджи» ЖШС Шұғыла шағын ауданындағы электр желілерін жаңғырту жұмыстарын 2025 жылғы 20 қарашаға дейін аяқтауға міндеттелді;
  • «Алматы Су» мекемесі судың сапасына байланысты шағымдарға орай ертеңнен бастап жергілікті жерге мамандар жіберіп, су желілерін тексеріп, бүлінген пломбаларды қалпына келтіреді.

Сонымен қатар ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Алматы Су» өкілдері тұрғындармен бірге су есептегіш құралдарының көрсеткіштерін тіркеуге қатыспақ. Бұл пломбалардың бүлінуіне жол бермеу үшін жасалады.

Айта кетсек, аталған көшелердегі су жүйелері бүгінде «Алматы Су» мекемесінің балансына өткен. Сондықтан барлық апатты және қалпына келтіру жұмыстары тегін жүргізіледі.

Еске салайық, бұған дейін белгілі журналист Айбар Олжай Дала көшесі тұрғындарының ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген мәселелерін көтерген еді. Олар он жылдан астам уақыт бойы қаланың балансына қабылданбай, тұрғындары электр жарығын жекеменшік компаниялардан бірнеше есе қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болған.

"Тарифтің қымбаттығы өз алдына. Тіпті сол жарық апта сайын 4-5 рет сөнеді. Қазір үй екі күннен бері жарықсыз отыр. Наурызбай ауданы әкімдігі үйді қала балансына қосамыз деп соңғы 5 жыл бойы уәде беріп келеді. Бірақ іс жүзінде ешқандай нәтиже жоқ", - дейді Олжай.

Оның айтуынша, биыл көктемде көше тұрғындары Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаевамен кездесіп, мәселені талқылаған. Әкім сол кезде “мәселе қысқа мерзімде шешіледі, тариф көтерілмейді” деп уәде берген. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, нақты нәтиже жоқ, керісінше тариф 1 кВт үшін 48–52 теңгеге дейін көтерілген.

“Ал Дала көшесінде жарық жиі сөнеді. Үйлерінде төрт кішкентай бала бар. Қыста олар тіпті үйді жылыту үшін газ қазандығын қоса алмайды. Себебі ол электр қуатына тәуелді. Қақаған қыс келе жатыр. Алматының ортасында отырған бұл отбасының тағдыры кәдімгідей алаңдатып отыр. Назира Асылбекқызы өте іскер әкім. Осы мәселені тез шешеді деген үміт бар”, — деп түйіндеді журналист.

 


Рекомендовать
Последние новости