Нағашыларым адам болмайсың дейтін: "Маңқаның" балалық шағы қалай өткен?

Dalanews 31 янв. 2024 11:25 2489


Отандық "Рауза" сериалында Маңқаның рөлін сомдаған, өзге де киноларда бой көрсетіп жүрген танымал актер Шерхан Пірназар балалық шағы қалай өткенін баяндап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.


“Сәлем, Европа” арнасына әртіс әке-шешесі ертеректе ажырасып кеткенін, өзі әжесінің бауырында өскенін жасырмады.



“Мен әжемнің баласы болдым, оның сегіз баласы болды, біреуі қыз, тоғызыншысы мен едім. Жатса да, тұрса да жанынан тастамайтын. Әжемнің жеті баласы бір үйде тұрған. Жеті келіннің ішінен менің мамамды ерекше жақсы көріп, тірлік істетпей еркелеткен. Бірақ әке-шешем ажырасып кетті. Сол кезде қатты жылағаным есімде. Сонда әжем өз баласына “немеремді жетім еттің” деп қатты ұрысқан. Сол кеткеннен әкем үйге келмеді", - деді өнер иесі.



Ол төрт жыл бұрын ғана әкесімен көріскенін айтты.



"Қанша дегенмен әкенің аты – әке екен. Оған дейін бетпе-бет кездескенде бәрін айтамын деп кіжініп барған едім. Бірақ оның бәрі көрген кезде ұмытылып, ашық сөйлестік. Әкем: "Біз ажырасқанда әжең, "менің немеремді жетім қылдың" деп маған теріс батасын берген еді, сол жағдайдан кейін жолым болмады" деп өкінді", – дейді актер.



Ал Маңқа 10-сынып оқып жүргенде әжесі дүниеден өтеді.



"Ауылдан ағам келіп, мені сұрап әкетті. Барсақ әжем өмірден өткен, адамдар жерлеу үшін табытқа салып, мені күтіп тұрған екен. Қоштасып үлгердім. Әжем "Шерхан үйленсе тойын өздерің істеп беріңдер" деп балаларына аманаттап кеткен екен. Содан мен үйленіп, той жасауға келгенде өз жұртым мен нағашыларым таласып қалды. "Біздің де той жасауға жағдайымыз жетеді, олай болса құдаларды біз де күтеміз. Тойдың шығынына да біз өз үлесімізді қосамыз" деп шарт қойып, екі жақ абыроймен атқарып берді”, – деді ол шаңырақ көтерген сәтін еске алып.



Сонымен қатар, актер әкесі тастап кеткеннен кейін анасы екеуінің өмірі қалай өрбігенін де әңгімеледі.



“Әкеміз кеткеннен кейін анам мені ойлап екінші рет тұрмысқа шықпады. Нағашылардың қолында өстім. Бірақ өте қиын болды. Себебі менің әкем де, оның бауырлары да ауылда атыс-шабыс, төбелеске жақын өскен. Пірназар әулеті сондаймен атышулы еді. Кейін анам ажырасып, төркініне қайтып келгенде нағашыларым "Сен әкеңе тартқансың, бұл жиен адам болмайды" деп кекетіп, айта беретін. Ол сөзді естіген сайын әжемнің мейірімін, махаббатын аңсап, жылаушы едім. Есейіп, Алматыға оқуға кеткенде де "Ой, сенің Шерханың адам болмайды, оқып жүр дейсің бе, ішіп, қуып жүрген шығар. Көресің, ол да әкесіне ұқсап, әлі сені қан қақсатады" деп айта берген екен", - деп ағынан жарылды актер.




Рекомендовать
Последние новости