Мирзияев Еуразиялық одаққа қарсы азаматтардың сөзіне құлақ асты - сарапшы

Dalanews 04 июн. 2020 05:49 921

Саясаттанушы Бахтияр Ергашев Өзбекстанның Еуразиялық одаққа қосылуды неліктен кейінге қалдырғанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның пікірінше осыдан төрт жыл бұрын билікке Шавкат Мирзияев келген тұста одаққа қосылу туралы талқылаулар қайта қызған.

Биліктегі жабық отырыстарда одақтың артық-кем тұсы таразыға тартылып,  осынау ұйымның Өзбекстанның саяси жүйесіне қаншалықты әсер етері електен өткен.



"Дискуссияның дерлігі жоғарыда жүрді. Халық бұл талқылаудан тысқары қалған еді. Тек 2019 жылы пікірталас қоғамдық деңгейге көтеріліп, белсенділер осы одаққа қатысты ойын ортаға салуға мүмкіндік алды.

Былтыр Өзбекстанда парламент сайлауы өтті. Сайлаудан соң Мирзияевтың айналасы билікті біржолата қолына алды. Өз-өзіне деген сенімі күшейді. Тәуелсіз, дербес шешім қабылдай аларына көзі жетті әрі стратегиялық маңызы бар мәселеге келгенде қоғамдық пікірге құлақ асу керектігін түсінді", – дейді ол.

Билік одақ туралы халықтан сұрады


Еуразиялық одаққа кіру-кірмеу туралы пікірталас былтырғы жылдың екінші жартысында шарықтау шегіне шығыпты. Осынау ұйымның олқылықтары ашық айтыла бастаған. Басым тұстары да тыс қалмаған.



Ергашевтің айтуынша мерзімді басылымдарда, телеарналарда, интернет-кеңістікте одақ туралы пікір білдіруге кеңшілік жасалып, бұл елдегі осы күнге дейін бұғауда жатқан қоғамдық сананы оятқан.

"Билік ешкімнің аузын буған жоқ. Ақыр аяғы бұл бастама нәтижесін берді.

Осыған дейін үкіметтік деңгейде өтіп келген талқылауда "Өзбекстан тездетіп Еуразиялық одаққа қосылады" деген пікір жиі айтылатын. Тіпті кейбір шенеуніктер: "Өзбекстан 2020-2021 жылға дейін осы одаққа өтеді" деп сенімді сөйлеп жүрді.

Алайда бұл мәселе қоғам талқысына түскеннен әлгіндей әңгіме сап тиылды.

Мирзияев ел ішінде Өзбекстанның осы одаққа қосылғанын құптамайтын, салмақты, санасуға тұрарлық қоғамдық күштің бар екенін көрді. Олар жоғарыға дамудың өзге жолын ұсынды.  Мирзияев олардың уәжін тыңдады және қабыл алды. 


Биылғы жылдың басында Өзбекстан президенті Еуразиядық одаққа қосылуды кейінге қалдыратынын, бұған байыппен, асықпай-аптықпай келу керектігін айтты.

Стратегиялық мәні бар шешімге келгенде өзбек билігі өз дегенінде тұрды", – дейді саясаттанушы.

Еуразиялық одақ өзбектің автөлік өндірісін күлге көмеді


Оның атап өткеніндей парламенттің қос палатасы да Өзбекстанның Еуразиялық одақта бақылаушы статусымен шектелуін құптаған. Сарапшының пайымдауынша бақылаушы позициясында Өзбекстанның ұтар тұсы көп. Осы одақтың олқылықтарын, басымдықтарын бағамдап, одаққа қосылған елдердің қателігінен сабақ алатын мүмкіндігі бар.



"Бақылаушы статусы біздің елге тиімді. Өз басым болашақта Өзбекстанның осы одаққа біржолата өтіп кетпей, еркін сауда аймағымен ғана шектелуін қолдаймын. Осының өзі жеткілікті.

Әлбетте өзбектердің өз арасында осы одаққа қосылуды құптайтындар көп. Олардың уәжі: "әзір Ресейде жан бағып жүрген 2,5 млн-ға тарта өзбек мигранты (бұған Қазақстандағы өзбектің 500 мыңға жуық жұмыс күшін қосыңыз) жарытып жалақы алып, жұмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік алады".

Өзбекстанның тоқыма-тігін өндірісі, былғары дайындайтын, аяқ киім тігетін өндірушілер тауарын одақ нарығына шығаруға құлшынып отыр. Бірақ таяқтың екі ұшы бар емес пе?

Еуразиялық одаққа өтер болса, өзбектің автокөлік өндіріс жапа шегеді.


Жылына 200 мың көлік құрастыратын Өзбекстанның әлеуетін дәл осы аралықта 2 млн көлікті саудаға шығаратын Ресеймен салыстыруға болмайды. Мұндайда әділ бәсеке туралы айтудың өзі орынсыз.

Өзбекстан осы одаққа өтсе, күллі экономиканың күретамыры саналатын көлік өндірісін күлге көмеді", – дейді саясаттанушы.

Өзбекстан одаққа өтсе жүз мыңдаған адам жұмыссыз қалады


Оның пікірінше Өзбекстанның көлік тасымалы да Ресеймен тең емес. Өзбек кәсіпкерлеріне тиесілі жүк көліктерінің саны санаулы ғана. Ресейдегі дәл осындай компанияда екі мыңға тарта жүк тасымалдайтын көлік бар.

"Бұл тұрғыда біз қазақ кәсіпкерлерімен де тең емеспіз. Одаққа өтіп алып, ертең бәсекеге төтеп бере алмасақ, мыңдаған, он мыңдаған адам далада қалады. Жүк тасымалдаушылар банкротқа ұшырайды. Сондықтан асығып-аптығудың қажеті шамалы. Ертең опық жеуіміз мүмкін", – дейді ол.

Ергашевтің атап өткеніндей, бұл арада Өзбекстанның ұлттық мүддесін бәрінен жоғары қойған Мирзияев дұрыс шешім қабылдады.


Еуразиялық одаққа қосылудан бас тартып, оның олқылықтарын көре білді және соның нәтижесінде жүз мыңдаған жұмыс орнын сақтап қалды.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 




Рекомендовать
Последние новости