Алматыда Наурызбай аудандық соты ақын Мұқағали Мақатаевты қорлады деп айыпталған блогер Әлішер Теменовке қатысты қылмыстық істі тоқтатты, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Ол Қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-бөлігі бойынша («Қорлау») жауапқа тартылған болатын. Істі судья Бейнекүл Қайсина қарады.
Сот бүгін, 16 маусымда өтті. Жәбірленуші - ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев - блогерді кешіріп, істі тоқтатуды сұрады. Бұған дейін ол моральдық шығын ретінде он миллион теңге өтемақы талап еткен еді.
Сотта Теменов кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады. Ол екі тараптың келісімге келгенін айтып, істі қысқартуды сұрады.
«Кінәмді мойындаймын, кешірім сұраймын. Қазір өзіммен екі миллион теңге алып келдім. Қалған бір миллионын он күн ішінде жеткіземін. Осы уақыт ішінде көлігімнің кілтін кепіл ретінде қалдырамын. Қалған ақшаны әкелген соң, көлігімді қайта аламын», – деді ол сотта.
Судья шешім қабылдауға кеткен сәтте блогер жәбірленушіге екі миллион теңгені қолма-қол беріп, көлігінің кілтін де табыстады.
Нәтижесінде, сот тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтатып, Теменовті қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Азаматтық талап та қысқартылды.
Алайда сот блогерге қатысты «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасын күшінде қалдырды.
Бұдан бөлек, Әлішер Теменов әлеуметтік желіде Мұқағали Мақатаевты балағаттағаны үшін халықтан бейнеүндеу арқылы кешірім сұрауға уәде етті.
Айта кетейік, блогерге қатысты шағымды ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев түсірген. 2023 жылғы 8 қазанда Теменов әлеуметтік желіде Мұқағали Мақатаевқа қатысты балағат сөздер айтылған бейнежазба жариялаған болатын. Сол үшін ақынның ұлы моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге талап еткен.