Мұнай – арзан, бензин – қымбат

Dalanews 31 янв. 2015 01:51 872

Жаһандану заманында экономикалық ынтымақтастықтың маңызы зор. Сол сияқты әріптес елдермен тең дәрежеде қырым-қатынас орнату да оңай емес. Күні кеше ғана еліміз Еуразиялық одақтың мүшесіне айналды. Одақ жұмысын бастағанына бір ай толмаса да, өзекті мәселелер алдымыздан шығып, атқарушы билікті біраз састырғанына куә болдық. Соның екі белгісін алға тартып, сөз етуді жөн санап отырмыз.

Түйіткілді мәселе көлік пен жанармайға қатысты болып отыр. АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейге жасаған экономикалық шектеулерінен кейін рубль еркін айналымға жіберілді. Бұдан соң қолында азын-аулық қаржысы бар қазақтар Ресеймен шекаралас аймақтарындағы көліктерді шетінен сатып ала бастады. О баста Кедендік одақ шеңберінде көршілеріміз өздерінің автоөндірісін дамытуға баса назар аударып, Қазақстан нарығына өз көліктерін тықпалады. Ал бұл жолы Қазақстан Үкіметі отандық құрастырушылардың мүддесін қорғап, Ресейден келетін көліктерге бірқатар шектеулер қою тиіс. Осылайша отандық өндірістің кең тыныстауына мүмкіндік жасалынуы бек мүмкін.

Екінші мәселе жанармайға қатысты туындап отыр. Өткен жылы жалына қол тигізбей қымбаттаған бензин бағасы, Ресей мен Украинаның арасындағы саяси жағдайлардан кейін бірден сабасына түсті. Бүгінде мұнай бағасы күннен-күнге арзандап, жанармайдың бағасына әсер етуде. Кезінде елімізде бензин құны өскенде шенеуніктер көрші елдегі бағаның жоғары екенін алға тартып, жанармай бағасын арттырғаны есімізде. Енді ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник Мәжіліс депутаттары алдында Ресейден жеткізілетін арзан бензин Қазақстандағы мұнай өңдейтін зауыттардың жұмысына кесірін тигізетінін алға тартуда. Сала басшысы: «Қазір бізде екі мәселе бар. Егер Ресейден арзан бензин Қазақстанға ағылса – бұл бір жағынан тиімді. Осы жағдай болып та жатыр. Біз АИ-92 маркалы бензинге шекті бағаны литріне 109 теңгеге белгіледік. Ал кейбір май құю бекеттерінде баға бұдан да төмен. Алайда, бұл арзан бензин біздің зауыттарымызды тоқтатып, жұмыс орындарын жауып тастауы ықтимал», – деді министр В.Школьник. Министрдің пайымдауынша, бүгінгі күні Ресейден Қазақстанға келіп жатқан АИ-92 маркалы бензин шамамен 30 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, Қазақстандағы жанар-жағармай қоймаларында дизель отын 350 мың тонна және АИ-92 маркалы бензин 250 мың тоннаға жинақталыпты. Жазғы кезеңге қор жинау жағдайлары да кездеседі.

Қалай десек те, жанармайдың арзандауы қарапайым халықтың оң жамбасына келіп тұрғаны сөзсіз. Ал бензин бағасының бұлайша төмендеуі мұнаймен айналысатын алпауыттардың шеке-басын тырыстырып тұрғаны даусыз. Шамасы, олар Қазақстан экономикалық одаққа мүше болғаннан кейін мұнайды қалауымызша өңдеп, ішкі нарыққа қажет деп тапқан бағамызға сата береміз деп ойлаған болуы керек. Экономикалық ынтымақтастық кеңейе түскен сайып, алпауыттар үшін мұндай мүмкіндік тарыла бастайтыны анық. Ресейдің мұнай компанияларымен бәсекеге түсу үшін мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртып, бензин мен дизель отынынан басқа отын өндіруге күш салудың маңызы зор. Энегетика министрі В.Школьниктің «жанармай бағасының құлдырауы алдағы уақытта күрделі жөндеуден өтіп жатқан зауыттардың жұмысына кесірін тигізеді», – деп шыр-пыр болғанынан, біздің алпауыттар мұнай-химия саласын диверсификациялауды ойға алмағанын аңғарамыз. Сондықтан мұнай-химия саласын дамытуға инвестиция тартудың маңызы зор.

Н. ӘУБӘКІР.   

Рекомендовать
Последние новости