"Менде дәлел бар". Депутат Зайытов министр Балаеваға төтесінен сұрақ қойды

Сағыныш Сардарова 13 нояб. 2024 11:48 135780

Мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов министр Аида Балаеваға төтесінен сұрақ қойды. Негізгі мәселе  еліміздегі белді мәдениет ошақтарына қатысты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжіліс отырсында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасады.

Баяндама жасап болған министрге Зайытов сауал тастады. Депутаттың сөзінше, Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіндегі мекемелердің айналасындағы дау тоқтамай тұр.

"Қара шаңырағымыз "Қазақфильм" қазір талан-таражға түсіп, құруға жақын қалды. Қара шаңырағымыз Абай атындағы опера және балет театрын кейінгі уақытта "ресторан" қылған да деректер бар. Менде дәлел жоқ емес, бар. Сондықтан айтып отырмын", - дейді Зайытов.

Министр Аида Балаева бұл мәселеде ашық екенін, депутаттармен талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

"Аласапырандайтын жағдай жоқ. Министрлік өзінің жүйелі жұмысын істеп жатыр. Мәдени ошақтарға, кинематографияға қатысты өз ұсынысымды бергенмін. Мәжілістің бір отырысында жақсы талқылаулар жүргізіп, атқарып жатқан жұмыстарды алдарыңызға салып, сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын. Басқа да ұйымдарға қатысты сұрақтар болса, оны да айтуға болады. Бірақ барлық жұмысты жоққа шығарып, барлығы жаман деп айту дұрыс емес", - деді министр.

Айта кетейік, "Қазақфильм" төңірегінде дау жиі шығады. Бұған дейін анимация бөлімінің бірнеше қызметкері 7 ай бойы жалақы алмағанын, "Алтын адам" жобасы үшін де ақы алмағанын, Үкімет бекіткен 500 миллион теңгенің жобасы басталмағанын айтып шағымданды. Артынша Азамат Сатыбалды "Қазақфильм" президенті қызметінен кетті.

Депутат Ринат Зайытов та бұған дейін "Қазақфильм" мәселесін бірнеше рет көтерді.

"Шәкен Кенжетайұлы Айманов атындағы қара шаңырақ Қазақфильмді құрту процесі саналы түрде, әдейі жүріп жатыр. Бұл, қателеспесем, Ахметжан Есімовтің бе, Бауыржан Байбектің бе кезінде басталды. Қазақфильмнің тұрған жерін білесіз, қаланың қақ ортасы. Бұлар сол жерді алғысы келіп отыр. Сауда үйін бе, бірдеңе салғысы келген сасық армандары бар. Бес гектарын алып алды. Енді қалғанын құртқалы отыр. Әйтпесе Қазақфильм дегеніңіз кезінде 2000-ға жуық штаты бар, қаншама материалдық базасы бар, бәленбай павильоны жұмыс істеп тұрған үлкен ұжым еді. Қазір 150-дей адам штатта қалды. Сегіз павильонның біреуі ғана істеп тұр ғой деймін. Сегізі істейтін болса, Қазақфильм өз күнін өзі көре алатын жер еді.

Қазақфильм мемлекеттен қаржыланбайды. Бұл Арыстанбек Мұхамедиұлы деген мырзаның жасап кеткен қастығы. Ол "Кино қоры" дегенді құрды да, бүкіл мемлекеттің ақшасын сонда аударады, Қазақфильмге жылына екі-ақ фильмге рұқсат етіледі. Ал анимациялық мультфильм түсіруге мүлдем рұқсат етілмейді. Сондай қаулы шығарып тастаған. Өткендегі аниматорлардың зар жылап жүргені - сол.

Азамат мырзаның жұмыстан кетуі, менің түсінгенім, ол бұл жұмыстың нәтижесіз болатынын түсінді де, "Қазақфильм менің тұсымда құрыды деген сөзге қалғым келмейді" деп шарасыздықтан кеткен сияқты. Бәлкім, қателесуім мүмкін. Тек өзімнің болжамым. ...Ұрпақтың алдында ұятты болмау үшін, аруақтың алдында кінәлі болмау үшін Қазақфильмді сақтап, бір арқасынан қағып жіберсек, ары кетсе үш жылда табыс табатын деңгейге жете алады", - деді депутат бұған дейінгі сұхбатында.


Рекомендовать
Последние новости