Мемлекеттік күзет қызметі ескертусіз қару қолдануға болатын заң қабылдануы мүмкін

Қаракөз Амантай 03 апр. 2026 11:39

Қазақстанда Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің өкілеттігін кеңейту көзделіп отыр. Ұсынылған заң жобасына сәйкес, белгілі бір жағдайларда қаруды ескертусіз қолдануға рұқсат берілуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс арнайы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты заңнамалық өзгерістер жобасын бірінші оқылымда қарады. Құжатқа сәйкес, терроризмге қарсы операциялар аймағында қызмет атқаратын мемлекеттік күзет қызметкерлеріне физикалық күш, арнайы құралдар, қару-жарақ, әскери және өзге де техника, сондай-ақ қызметтік жануарларды ескертусіз әрі қолданыстағы шектеулерсіз пайдалану құқығы беріледі.

Сонымен қатар қажетті қорғаныс, аса қажеттілік немесе құқық бұзушыларды ұстау кезінде қызметкерлерге арнайы қару немесе жабдық болмаған жағдайда, кез келген қолда бар құралдарды қолдануға рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, заң аясында тіркелмеген өзге қару түрлерін де белгіленген тәртіппен пайдалану қарастырылған.

Мәжіліс депутаты Болат Керімбектің айтуынша, заң жобасы арнайы органдарға IT-мамандар мен дарынды жастарды тартуды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету өкілеттігін нақтылауды көздейді.

Құжатта мемлекеттік құпияларды қорғауды күшейту де ұсынылған. Атап айтқанда, олардың қорғалу деңгейінің төмендеуі ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп ретінде қарастырылады. Сонымен бірге, экстремистік және террористік материалдарды таратуға ғана емес, оларды сақтауға да тыйым салу енгізіледі.

Ілеспе заң жобасында мемлекеттік құпияларды қорғау талаптарын қайталап бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту қарастырылған. Сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметіне әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша хаттамаларды өз бетінше толтыру құқығын беру ұсынылып отыр.

Айта кетейік, Мемлекеттік күзет қызметі - Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы орган. Ол Президентке тікелей бағынады және есеп береді. Қызмет 2014 жылы Президент күзеті мен Республикалық гвардияның бірігуі негізінде құрылған. Құрамына "Айбын" және "Батыр" президенттік полктері кіреді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove