"Мемлекетке есеп бермей, тарифті өзі бекіткен". Білікті экономист "Қазақтелекомның" былығын айтты

Dalanews 23 мая 2022 03:57 1004

Белгілі экономист Айман Тұрсынхан Азаттық радиосына сұхбат беріп, 30 жылда қалыптасқан экономикалық саясаттың олқы тұстарын қолмен ұстағандай көрсетіп беріпті. Оның ойынша, Назарбаев билігі экономиканың барлық ірі саласын ұлттық компаниялар бақылауында ұстап келген. Экономикалық өндірістің 65 пайызы "Самрұқ-Қазына" қорымен және ұлттық компаниялармен тікелей немесе жанама байланысы бар компанияларға тиесілі болғанын алға тартыпты.

Осы тұста "Қазақтелеком" ұлттық байланыс операторын мысалға келтіруге болады. Бұл компанияға ешкімде жоқ жеңілдіктер берілген, мемлекет компанияға халыққа көрсеткен қызметі үшін қосымша құн салығын толықтай қайтарып келген.

"Қазақтелеком" мен еншілес кәсіпорындардың есебіне қарасақ, салық жүктемесінің коэффициенті 2,5 пайыздан төмен екенін көреміз.

Ал басқа жеке операторларда бұл көрсеткіш қосымша құн салығынсыз 10-17 пайызды құрайды. Яғни, нарықтағы ойын ережесі бірдей емес.

Қызмет көрсету саласы, клиенттер базасы бір, бірақ мемлекетке төлейтін салық көлемі әртүрлі. Осыдан телекоммуникация саласында бәсеке бар деген мәлімдемелерге қарамастан, нарықта бір компания басымдыққа ие болып шыға келеді.


Оператор бәсекені қорғау комитетінің алдында есеп бермейді, тарифтерді де өзі бекітеді. Бұл – көп мысалдың бірі ғана.

Тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ секторы, құрылыс саласында да осы жағдай. Қазақстанда еркін нарық жоқ, монополизация салдарынан бизнестің көзі жойылған. Мұны квазимемлекеттік сектордың кері әсері деп бағалауға болады.

Мемлекеттік қолдау шаралары көңілге қонбайды, олар тек олигархатты қолдауға бағытталған. Бұл шаралар шынайы экономикаға жұмыс істемейді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ішкі деректерін талдап көрдік. Талдау нәтижесінде "билікке" жақын болған сайын, салық жүктемесі коэффициенті төмен болатынын анықтадық.

Ең аз салық төлейтін компаниялар арасында Қазақмыс пен Kaz Minerals көш бастап тұр. Олардың салық жүктемесі коэффициенті айналымның минус 7 пайызына тең. Яғни, олар металл экспорттаушы кәсіпорын ретінде бюджеттен ірі көлемде экспортқа арналған қосымша құн салығы бойынша өтемақы алып отыр.


2016 жылдан бастап ірі бизнеске өте көп жеңілдік берілді. Мұнай-газ секторынан түсетін салық бес есе төмендеді. Экспорттық өнім оффшорлық сауда үйлері арқылы жүреді. Салық жүктемесінің бәрі жеке бизнеске жүктелді.

Шағын және орта бизнес мемлекеттік қолдау шараларына ие бола алмайды. Өңдеуші кәсіпорындарға қарап, салық саясатының әділетсіз екенін түсінуге болады.

Оларда мемлекеттен қосымша құн салығын қайтарып алатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші немесе экспортқа тауар шығарушы компаниялар сияқты жеңілдіктер жоқ. Ал салық жүктемесінің коэффициенті жоғары (айналымның 12-24 пайызын құрайды). Бұл компаниялардың көлеңкелі экономикаға кетіп, салықтан жалтаруына әкеліп соғады. Өйткені мұндай салық жүктемесіне төтеп беру мүмкін емес.

Ірі бизнес өкілдері салық төлемегенімен қоймай, жеке кәсіпкерлер төлеген салықтан жеңілдетілген несие алады. Кәсіпкер алуы керек қосымша табысты банктер "жеп" қояды. Бұл үкіметтің қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. Үкімет елді шығынға батырып, республикалық экономиканың диверсия жасады.

Рекомендовать
Последние новости