"Мектепке баса-көктеп кірген....". Атышулы антиваксер қамауға алынды

Dalanews 28 окт. 2021 04:16 999

Осыған дейін әлемжеліде мектептерде оқушыларға вакцина салуда деп жалған ақпарат таратқан Айна Бакееваға қатысты Нұр-Сұлтан қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметі бойынша Айна Бакеева Әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке қамауға алынған. Шешімді орындауды сот Шымкент қалалық полиция департаментіне жүктеді.

Айта кетейік, бұдан бұрын антиваксер Нұр-Сұлтан қаласында балаларға жасырын екпе салынатыны жөнінде хабар таратқан. Бакеева бастаған бірнеше әйел мектепке рұқсатсыз кіріп, түсірген видеоларын желіде жариялаған еді. Бейнежазба авторы өзін журналистпін деп таныстырып, ал жанындағы серігінің дәрігер Айна Бакеева екенін айтады.

Сонымен қатар кадр сыртындағы дауыстан "балаларға ата-аналарының рұқсатынсыз екпе салынып жатқанын" естуге болады.

Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы оқиғаның 5 қазан күні №58 мектепте болғанын растаған.

Бірақ, білім ордасында балаларға вакцина салынады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.



"Азаматша Айна Бакеева мектеп аумағында жанжал туғызды. Бакеева мен онымен бірге келген адамдардың басты мақсаты - мектептерде балаларды міндетті түрде вакцинациялау жүргізілетіні туралы әлеуметтік желілерде шу тудыру болған. Біз бұдан алдын да бірнеше рет мұндай ақпараттың жалған екенін айтқан болатынбыз", - деді білім басқармасы.

Ал видеодағы оқушыға келетін болсақ, департамент баланың үзіліс кезінде өзін нашар сезінгендігін айтты. Дене шынықтыру сабағынан кейін жасөспірімнің басы айналып, сол себепті медициналық пунктке жүгінген деп түсіндірді олар.


Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, әйелдер білім беру мекемесіне ағзада туберкулез микробактериясына антиденелердің бар-жоғын анықтау үшін Манту сынамасын тапсырған үшінші сынып оқушыларының бірінің анасының нұсқауымен келген. Олар өздерін оқушының ата-анасымын деп таныстырып, Ashyq мәртебесін тексеру туралы өтінішті елемей, мектепке баса-көктеп кіріп кеткен.

Білім басқармасы мектепке келіп жанжал тудырған әйелдердің үстінен арыз жазған еді.

 

Рекомендовать
Последние новости