Мәскеуде арақ өндіретін 26 зауыт бар. Бізді қуып шықты

Dalanews 11 окт. 2018 06:09 805

 "Өз өндірушімізді, өз нарығымызды қорғайтын мінез біздің бойымыздан табылмай тұр" дейді қаржыгер Расұл Рысмамбетов (суретте). Айтуынша, Ресейдің соңынан сүйретіліп жүргеніміз ақыр соңы жақсылыққа әкелмейді. Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды. 

- АҚШ алюминий өндіруден әлемде алдыңғы қатарда тұрған ресейлік «Русал» компаниясына санкция салды. Жылына бір жарым миллон тонна алюминий тотығын өндіретін Павлодар алюминий зауыты мұның миллион тоннасын әлгі «Русалға» жөнелтетін.

Санкция сойылына іліккен «Русал» ертесіне-ақ Қазақстандағы әріптес-зауытқа хат жолдап, әлгі миллион тоннаны бұдан бұлай сатып ала алмайтынын хабарлайды.


Енді қайтпек керек? Қайда барады, қалай амалдайды? 62 мың адамды асырап отырған Павлодар алюминий зауыты елдегі ең ірі жұмысберушінің бірі. Павлодарды қойып, мұқылым елдегі өндіріс орындарының ең ірісі де осы.

«Русал» бас тартты екен деп кен өндіруді кері ысырып қоймас, алайда бұдан кейін тапсырысы күрт төмендеген зауыттың табысы ортайып, алюминий тотығын өндірумен тікелей айналысатын 3000 мың жұмысшының әрі қарай тағдыры қыл үстінде қалары  анық.

Санкцияның да санкциясы бар. Бізге ауыр соғатыны жекелеген санкциялар. Ресейлік кәсіпорындарға, банктерге, өндіріс орындарына салынатын санкциялар бұлармен біте қайнасып жұмыс істейтін қазақстандық компанияларды да теңселтіп жатыр. 

Сосын одақтас екені рас болса Ресей Қазақстанның өнімдерін өз нарығына кіргізуге кедергі келтірмеуі керек еді.

Одақ жұмысы толық күшіне енген тұста, отандық арақ-шарап өндірушілердің тауарын Ресей нарығына өткізбекке әрекет еткенбіз.


 Ресей нарығын «жаулаймыз» деген дәмеміз болған. Мұнымыздан түк шыққан жоқ. Тауымыз шағылып қайтты.

Өткізбейді. Өткізбеудің мың түрлі амалын меңгерген. Жоқ жерден ілік іздейді. Жоқ жерден дау шығарады.

Осы мәселенің ізімен Мәскеуге келгенімде, мұндағы бір шенді: «бір ғана Мәскеу облысының өзінде арақ-шарап өндіретін 26 зауыт бар. Бұлар Мәскеуді қойып, тұтас Қазақстанды лықа тойдыра алады қажет десең. Біздің нарыққа тұмсық тыққанды доғарыңдар», – дегені бар.

Мен де өз дегенімде тұруға тырысып: «Біздің өнімдердің үлесі соншалықты сойқан емес қой. Сіздер мұны сезбеулеріңіз де мүмкін. Соншама шошынғаныңыз не?», – деп жауап қаттым.

«Сен менің нені меңзегенімді түсінбедің, бала. Мұндағы арақ өндіретін әрбір өз зауыттың өзіне тиесілі «аумағы» бар. Біреудің тапқан табысына ортақтаспақ ойың болса, әзірден-ақ үмітіңді үзейін. Сендерді маңына да жуытпайды олар...», – деді әлгі.


Демек, бұл арада Еуразиялық одақтың еркін сауда принципі мүлде жүрмейді деген сөз. Өз нарығын қорғауға келгенде Ресей бұл одақтың кез-келген заңын іске алғысыз етуге әзір. Бұлардың өз заңы бар. Бұдан кейін кіріп көр Ресей нарығына...

 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ 


Рекомендовать
Последние новости