Мәсімовке Тоқаевтың саяси шешімдері мүлде ұнамады - сарапшылар

Көркем Алдабергенова 26 апр. 2024 15:10 5738

Қазақстандық сарапшылар Қаңтар оқиғасы кезінде Мәсімов кіммен жұмыс істеп, Тоқаевпен не жайлы сөйлескенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мәсімов 2016 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы қызметіне келіп, транзит жағдайында кепілгер болды. Және менің ойымша, Мәсімовке болып жатқан жайттың бәрі ұнамайтын. Яғни оған Тоқаев атқарып отырған дүниелер ұнамады. Олардың жоспары - президентті қорқытып, жағдай ушығып кеткенін айтып, қорғану керегін жеткізу болған. Егер Тоқаев осыған сеніп, сатылып кетсе, оны ұстап, қамап тастар еді. Ал өзі (Мәсімов) билікті өз қолына алар еді. Назарбаевты қайтарып ала ма, жоқ па – нақты айта алмаймыз. Қазір ашып ештеңе айта алмаймыз, себебі іс құпия түрде жүргізілді. Ол жерде мемлекеттік құпия көп", - дейді депутат Никита Шаталов ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берген сұхбатында.

Мәсімовтің ұсталуына қатысты Orda.kz сайтының  бас редакторы Гүлнара Бажкенова да пікір білдірген.

"Ол осының барлығының негізгі бенефициары бола алмады. Себебі кем дегенде оның ұлты қазақ емес, жоғары лауазымдарды өз қолына ала алмайды. Ол өте ықпалды адам болды, Назарбаевтың адамы. Бірақ ол жеке жалғыз өзі жүріп "ойын жүргізе алмайтын". Қаңтар кезінде ол екі ортада жүріп, президентке месседж жеткізіп отырған. Ол Назарбаевтар әулеті қазіргі президентке елден кетіп қалу керек деп ультиматум қойғанын жеткізген. Яғни міне тікұшақ дегендей. Ақша да ұсынылған. Тоқаев бас тартқан: "маған қару беріңдер, қажет болса өзімді атып тастаймын, бірақ елден кетпеймін" деген. Мұны дәл сол жерде жүрген адамдар айтты. Мәсімов пен Тоқаев өзара қытайша сөйлескен. Мәсімов "енді мен не істеймін?" деп сұраған. Тоқаев "енді тым кеш болды" деп жауап берген", - дейді Бажкенова.

Еске салайық, бұған дейін DALAINSIDE Қаңтар қырғынында Назарбаев әулеті қайда бас сауғалағаны туралы жазған болатын.Құлекеев бұл орайда келесідей инсайдпен бөліскен еді.

"Біраз басқа оқиғалар болған. Маған экс-президенттің үлкен қызының ұмытшақтығы туралы айтты. Қаңтардың қарсаңында Дариға Назарбаева Жаңа жылды тойлаудың қызығына кіргені соншалық, оны Алматыдан тез арада қауіпсіз жерге кету туралы көндірген соң, ол Науаи көшесіндегі резиденциядан анасы Сара Назарбаеваны өзімен бірге алып кетуді ұмытып кеткен...".

Dalainside назар аударған тағы бір жайт Құлекеев кітапта Сара апамызды Назарбаевтың бірінші әйелі деп жазады. Бұған тоқталып жатқанды жөн көрмедік, бұл жағы көпшілікке таңсық емес деп топшыладық.

"(Дариға) Шешесін үйде қалдырып кеткені еске түскенде, қалада бүлік басталып, эвакуациялауда қиындық туындаған. Мемкүзеттің қызметкерлері Сара Назарбаеваға бронды машинаның күзетімен төрт көлік жіберуге мәжбүр болған. Тек осылай ғана бұрынғы бірінші ханымның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды", – дейді Құлекеев.

Құлекеевтың айтуынша Қаңтарда Назарбаевтың өзге туыстары мен серіктері де солқылдақтық танытқан. Мәселен, экс-президенттің немере інісі Ахметжан Есімовтың зәре-құты қашқаны сонша бір топ нөкерімен Медеу мұз айдынын бөктерлеп, "Шымбұлақ" шипажайына жасырынған.

Сонымен қатар, Dalainside Мәсімов ісіндегі қалтарыста қалған нюанстерге үңілді. 

Алғашқы тарауда "мұрттының" АҚШ-та тіркелген баспа үйін басқарған, әрі осы жерден шыққан Мәсімовтың кітаптарын таратумен айналысқан Ксения Крупенко туралы айтқанбыз.

Оның Кәрімнің адамы екенінде күмән жоқ, әйткенмен Мәсімовтің ісіне ықпал етуге Крупенконың саяси салмағы жетпейді. Бұл миссия - оған қарағанда әлдеқайда көлемді калибрлерге, соның ішінде Ақ үйдің маңындағы саясаткерлерге жүктелген.

Соның бірі - АҚШ Мемдепартаменті мен Қауіпсіздік кеңесінің экс-қызметкері Дэвид Меркель. Кейбір дереккөздің мағлұматы бойынша Меркель Nazarbayev University директорлар кеңесіне де кіріп алған.

Трансұлттық компаниялардың лоббиімен айналысатын Меркельді өткен жылдың сәуірінде Шеврон компаниясы Қазақстан бойынша кеңесші етіп жалдапты.

Intelligence Online таратқан мәліметке сәйкес - Шеврон Мәсімовтің басынан бақ таяды деп күтпеген, елдегі ең ірі инвестор мен Ақорданың арасындағы келіссөзде Мәсімов делдал есебінде жүрген. Былайша айтқанда, мұнай-газ саласындағы ірілі-ұсақты түйткілдер "мұрттының" көмегімен реттелген.

Соған қарағанда Меркель Назарбаев әулетіне де бөтен емес.


Рекомендовать
Последние новости