Экс-депутат Сәтмағамбетовтің компаниясы рұқсатсыз үй салып жатыр

Сағыныш Сардарова 23 апр. 2024 16:13 2339

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында "G-Park" құрылыс компаниясының Астанада 7 тұрғын үйді рұқсат құжаттарынсыз салып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, осы үйлерге 3,5 мың отбасының қаржы салып қойғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өндіріс және құрылыс министрлігі мәліметінше, проблема өршіп барады. Қазір ел бойынша 340 тұрғын үй кешені заңсыз салынуда.

"Астана мәслихатының экс-депутаты, G-Park басшысы Ғабит Сәтмағамбетовты үлкен проблемалар күтіп тұр дейді, DALA INSIDE дереккөзі", - деп жазды DALA INSIDE арнасы.

Арна мәліметінше, премьер-министр Олжас Бектеновтың дәл осы құрылыс компаниясын атап айтқаны, Сәтмағамбетовтың әр қадамын аңдып отырған құқық қорғау органдары үшін сигнал болуы да мүмкін. Одан бөлек, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек те "Сәтмағамбетов мәселесін" тезірек шешуге ниетті.

"Сәтмағамбетовтың өзін жауапқа тартумен іс бітпейін деп тұр. Экс депутат көп нәрсені бүлдірген. Іс насырға шапса, мемлекетке оның нысандарын өз қарауына алып, құжаттарын реттеп, кепілдік механизмі аясында салып бітіруге тура келеді. Себебі 3,5 мың үлескер әлеуметтік толқулар туғыза алатын күшке ие", - деп жазылған арна мәліметінде

"Ақтөбе облысында 11 объекті бойынша алданған үлескерлер 2 жылдан бері соттасып келеді. Астанадағы "Араби-2 – Гранитный-2" тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын проблемалық нысан деп танылған. 200-ге жуық отбасы үйлерін ала алмай отыр. Құжаттары дұрыс емес көптеген объектілердің құрылыс жұмыстары созылып кетуі мүмкін. Елордада G-Park компаниясы рұқсат құжаттарын алмастан 7 тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Ал оған 3,5 мыңға жуық отбасы өз қаражатын салған. Атырау облысында мұндай объектілер саны – 39. Бұл – бірінші кезекте, әкімдіктердің тарапынан жіберілген кемшіліктердің салдары", - деді Бектенов Үкімет отырысында.

Осының алдында Астана полициясы Сәтмағамбетов құрылтайшы болып табылатын "Нұр-Сұлтан Финанс" ЖШС үлескерлерінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.

"Астана қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы үлескерлердің өтініші бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Оның негізінде істің мән-жайын анықтау үшін тиісті шаралар қабылданады. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалардың іс - әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, аталмыш іс бойынша шешім қабылданатын болады", - деп жауап берген еді Ішкі істер министрлігі ҚазТАГ редакциясының жолдаған сауалына.


Рекомендовать
Последние новости