Мақтаарал ауданының өндірістік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Аудан әкімі Бақыт Асанов жуырда Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы іскерлік ынтымақтастық негізінде құрылған «FANGAO киім тігу» ЖШС-ң өкілі Джу Ян Кунмен кездесті, деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл кездесудің мақсаты – Атакент кентінде заманауи киім тігу фабрикасын ашу мәселесі. Аталған кәсіпорын – екі ел арасындағы өндірістік кооперацияның жарқын көрінісі. «FANGAO» компаниясы Атакент кентінен жалпы көлемі 1 200 шаршы метрді құрайтын, толық жөндеуден өткен ғимаратта киім тігу фабрикасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жоба аудан экономикасына елеулі серпін беріп қана қоймай, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Фабриканың басты миссиясы – отандық нарыққа заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы мектеп киімдерін ұсыну. Алғашқы кезеңде Мақтаарал ауданы мен көршілес аудандардың мектеп оқушыларын толықтай отандық өніммен қамту көзделуде. Мұндай бастама ата-аналар үшін де тиімді, себебі сапа мен баға арасындағы тепе-теңдік сақталып, шетелдік өнімдерге тәуелділік азаяды. Болашақта фабрика өз өнімдерін еліміздің басқа өңірлеріне де ұсынуды жоспарлап отыр.
Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы - өңір үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Жоспарға сәйкес, фабрика 200-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Бұл – жергілікті тұрғындар үшін табыс көзі ғана емес, кәсіби дамуға, жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін алаң. Кәсіпорын шеберлікке мән беріп, сапалы кадрлық құрам қалыптастыру мақсатында маусым айының соңынан бастап жұмысқа қабылдау және оқыту кезеңдерін бастамақ. Болашақ қызметкерлер тігін ісінің қыр-сырын үйреніп, арнайы оқыту бағдарламаларынан өтеді. Мұндай әдіс кадрлардың біліктілігін арттырып қана қоймай, өнім сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді.