Мақпал Жүнісова шыдамай – шындықты айтыпты

Dalanews 24 окт. 2017 15:10 883

Қазіргі уақытта “Зың-зың” сынды мағынасыз әндер көбеюде. Ал осындай әуендерді тыңдап өскен жастар қандай тәрбие алады? Бұл сұрақ аға буын өкілдерін алаңдатып отыр. Мәселен, Мақпал Жүнісова мән-мағынасы жоқ әндердің авторларын сынап, жастарға деген базынасын айтты.



– Біз қазақ эстрадасын қалыптастыру жолында біраз еңбек еткен әншілерміз. Жастар біздің артымыздан еріп, жақсы әуенмен келе жатыр еді. Аяқ астынан осындай мінеки, Еуропаның, Африканың музыкасы келе бастады. Қара нәсілділердің жаңа ритмді музыкасын алып, оған қазақша сөзді қалай болса солай қояды. Не өлең енді “зың-зың-зың, дың-дың-дың”, “жоқ-жоқ-жоқ”? Ол ұрпақты неге тәрбиелейді? Біздің ұлы ақындарымыз Тұманбай Молдағалиевтің, Мұқағали Мақатаевтың, Фариза Оңғарсынованың, Қадыр Мырза Әлидің, Исраил Сапарбаевтың сөздеріне жазылған әндер қайда қалды? – деді ашынған Халық әртісі.

Мақпал Жүнісованың айтуынша, ғаламтордағы қаралымның көптігін абырой санап, жұлдыз ауруына шалдыққан әншісымақтар көбейген.

– Сөздерінің мәні жоқ, не әуені жоқ, қазақы емес. Соның бәрі мына интернет арқылы таралып кетеді екен. “Ойбай, мен миллион дауыс жинап жатырмын. Менің көрермендерім 2 миллион, 5 миллион боп кетті”, – дейді. Сонда жаңағыны айтып жүрген әншілер біздің алдымызда өздерін соншалықты биік ұстайды. Жұлдыз ауруымен ауырып жүр. “Мақпалдың, Розаның әндерін тыңдамайды, “Дос-Мұқасан” кімге керек? Қазір жастар бізді жақсы көреді”, – деп ойлайды. Айтсын, бір қарсымыз. Мен оны қызғанып отырған жоқпын. Қай жерге барсам дағы, халық аяғынан тік тұрып қарсы алып, еркелетіп, концертімізге лық толы халық жиналады, – дейді Мақпал Жүнісова.

Есті тыңдарман қажетті әнді өзі-ақ табады. Дегенмен бүгінгі эстраданың осылай дамуы Халық әртісінің жүрегін ауыртады.

“Осылай жалғаса берсе, бір күні қазақ эстрадасы мүлдем жойылады”, – деп алаңдаушылық білдірді Мақпал Жүнісова.

 

Дереккөзі: stan.kz

Рекомендовать
Последние новости