Мамыр айында еліміздің 16 өңірінде инфляция екпін алды

Кәмшат Тілеухан 17 июн. 2025 14:26

Мамыр айында елімізде жылдық инфляция жеделдеп, 11,3% болды (сәуірде – 10,7%). Жылдық инфляция 16 өңірде жеделдеді, 3 өңірде баяулап, 1 өңірде бұрынғы деңгейде сақталды. Мұндай мәліметпен Ұлттық Банк бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Реттеуші органның мәліметінше, жылдық инфляцияның 13,0%-дық ең жоғары мәні Алматы қаласында тіркелді.

"Мамырда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 9,6%-ға дейін жеделдеді (сәуірде – 8,5%). Осы топқа жататын тауарлар бағасы Ақмола облысында (11,4%) ең жоғары, ал Алматы қаласында (8,0%) төмен өсім көрсетті", делінген хабарламада.

Мамырда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі жылдық мәнде 9,0%-ға жетті (сәуірде – 8,9%). Ең жоғары мән Түркістан облысында (14,2%), ең төменгі мән Павлодар облысында (5,4%) тіркелді.

Мамырда ақылы қызметтердің бағасы жылдық мәнде 16,0%-ға дейін өсті (сәуірде – 15,7%). Сонымен қатар Алматы қаласында (22,5%) баға жалпы республикалық деңгейден жоғары, Алматы облысында (11,3%) айтарлықтай төмен өсім тіркелді.

Мамырда айлық инфляция елде 0,9%-ға өсті.

Айта кетсек, 2025 жылғы мамырда халықтың алдағы бір жылдағы инфляциялық күтулері сезілетін инфляцияға берілген бағаның өсімі аясында 14,1%-ға дейін артты. Сонымен қатар, бес жылдық кезеңде күтілетін инфляцияның медианалық мәні сәл төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл туралы Ұлттық Банктің ай сайын жүргізетін сауалнама қорытындысында айтылады.


Рекомендовать
Последние новости