Мәдениет министрі диалогқа дайын, ал өзгелері ше?

Dalanews 09 окт. 2019 11:57 1023

Біздің елде халық пен биліктің арасы тым алыстап кеткен. Ат төбеліндей азғана топ ғарышта, қалың бұқара ғаламшарда секілді.

 Отыз жылға жуықтаған тәуелсіздік жылдарында осылайша, екі түрлі әлемнің пайда болуы олардың өзара тіл табысуларына қиындық тудыра бастады. Әрине, мұның соңы жақсылыққа апармасы басы ашық әңгіме.

Биліктің халыққа жақындауы, бірге тыныстауы қоғамдағы тұрақтылықты қамтасыз ететін басты фактор.

 Осыны ескерсе керек, ҚР Президенті Қ.Тоқаев алғашқы Жолдауында биліктегі лауазым иелерінің халыққа етене жақындауын, ел-жұртпен арада салмақты диалогтың орнауын талап етті.

Осындай ізгі ниетпен Қоғамдық сенім кеңесін құрғанымен, оның әзірше нәтижесі көмескілеу болып тұр. Аталмыш кеңес алғашқы жиындарынан-ақ өздерін «Нұр Отан» партиясының филиалы секілді көрсетіп алды. Оларға қазір биліктің сенімі қаншалықты екенін білмейміз. Халықтың сенімі соншалықты керемет деуге келмейді.

Жалпы, жоғары лауазым иелері өз қызметімен қатар күнделікті іс-әрекетін, ой-пікірін халыққа жария түрде көрсете алғанда ғана оған деген сенім артады.


Еш риясыз ашылып сөйлеп, сырын айтқанның өзінде жұрт оны өзіне жақын тартып, разы-хош болып жатады.

Ал мейлінше, тұйықталып, сыр білдірмей сазарып жүрген саясаткерге де, мемлекеттік жоғары лауазым иесіне де сенімсіздік пен күдік ұлғая түспесе,  сенім аз болады.

Олай болса, лауазым иелерінің халыққа жақындауының, олармен емен-жарқын диалог құрудың маңызды тетігі – ақпарат құралдарының ашық мінберлеріне жиі шығуы, жариялы түрде тілдесуі болса керек. Өкінішке қарай, біздің әкім-қаралар, лауазымы ірі тұлғалар журналистерден ат-тондарын ала қашады.

Тікелей эфир десе тіпті, жоламайды. Жай сұхбаттың өзіне орынбасарын жібереді. Кейбірі тіпті баспасөз қызметін алға тартып, өздері ізім-ғайым қашып жоғалады.


Біздегі ақпарат құралдарының көбі Үкіметке бағынышты, тікелей солардың ығымен жүретіндерінің көптігіне қарамастан, бұлай үркудің сыры халық алдына шығудан қаймығатын әлде бір сырлары бар ма дегендей күдік тудыратынын несіне жасырайық.

Дегенмен министрлеріміздің арасында да ара-тұра ақпарат өкілдерімен ашық әңгімеге баратындары кездеседі екен. Бұл тұрғыдан келгенде, өз басым ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жаңаша көзқарасы басым, халықпен тіл табыса алатын демократиялық қоғамға бейім тұлға ретінде көріп отырмын.

Негізі, бетпе-бет әңгімеге дайын бола алудың астарында белгілі бір тұлғаның мықтылығы десек те болады. Өзін бар болмысымен шынайы көрсете алуының өзі министр лауазымды тұлға үшін халыққа жақындығын көрсететін тағы бір қыры деуге болады.

Ақтоты Райымқұлова ханымның ашық сұхбатқа батыл шығып, шынайы жауап бергенін Ютуб арнасынан көріп қалдым.

Шындығын айтқанда, көптеген бірінші басшылардың мұндайға жүрегі дауаламайды ғой, негізі. Оның өзінде биліктің ығына жығылып, сөзін сөйлеп жүрген ресми БАҚ емес, Аман Тасыған секілді тым еркін әрі цензурасыз сөйлейтін блогердің ұсынысын қабылдап тікелей эфирге шығуы министр қарындастың өзіне деген сенімділігін және қоғам алдындағы зор жауапкершілікті терең сезіне білгендігі болса керек.

Ақтоты ханым блогердің барлық сұрағына еш тосылмастан, салмақты жауап бере алуы жас министрдің әлден ысыла бастаған батыл саясаткер екендігін аңғартқандай болды.


Мен оның осы қадамына разы болдым. Демократиялық ашық қоғам құру үшін министрлер халықпен осылайша диалогқа шыға алатын болғаны абзал. Өзгелер үлгі алса, қанеки.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, журналист


Арнайы «Қала мен Дала» газеті үшін


На изображении может находиться: 2 человека

Рекомендовать
Последние новости