М. Құл-Мұхаммед зиялы қауыммен жер мәселесі бойынша кеңесті

Dalanews 16 мая 2016 04:34 1123

Бүгін Алматы қаласында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өткен дөңгелек үстел басындағы кездесу барысында бұл мәселе басты тақырыпқа айналды, – деп хабарлайды "Нұр Отан" сайты.


Жер реформасын талқылауға Қазақстанның ғылыми және шығармашылық интеллигенциясының жүзге жуық өкілі қатысты. Олардың ішінде Қазақстанның Ұлттық ғылыми академиясының төрағасы Мұрат Жұрынов, Қазақстан жазушылар одағының жетекшісі Нұрлан Оразалин, Халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Ескендір Хасанғалиев, Лаки Кесоглу, танымал ғалым-академиктер Төрегелді Шарманов, Еділ Ерғожин, Аманжол Қошанов, Нағима Айтқожина мен Әлия Бейсенова, белгілі жазушылар Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеев пен Валерий Михайлов  және де шығармашылық одақтардың жетекшілері мен алматылық ЖОО ректорлары қатысты.


Сонымен қатар, кездесуге ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров қатысты.


Жиналғандар алдында сөз алған Мұхтар Құл-Мұхаммед Жер реформасы жөніндегі комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылғанын және де Жер кодексінің қоғамда үлкен дау тудырған бірқатар нормаларына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі мораторий енгізгенін жеткізді.


«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының жер реформасының жалпыхалықтық талқылауын ұйымдастырып, оның түпкілікті мәнін әрбір қазақстандық азаматқа жеткізу міндетін қойғанын айтып өтті. Енгізіліп отырған жаңалықтарды жалпыхалықтық деңгейде қарастыру жұмысында елімізді қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуда әрдайым алдыңғы шепте келе жатқан қазақстандық интеллигенция айрықша орын алуы тиіс.


«Елбасымыз халықтық мүдденің ол үшін алғашқы орында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұндай кең ауқымды жалпыұлттық диалог қазақстандықтарды мазалап отырған жерге қатысты барлық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретіні сөзсіз», - деді кездесу барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед.


Қазақстан аумағында ауыл шаруашылық мақсатта жүз миллионнам астам гектар алқап пайдаланылады. Жерге жеке меншік институты орнағаннан кейінгі 13 жылда осы жердің небәрі 1,3 миллион гектары, яғни бір пайыздан сәл асатын алқап сатып алынды. Қалған жерлер жалға алынып отыр.


Шетелдік компаниялардың Қазақстанда ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерді жалға алу құқығы 2003 жылдан бері енгізілген. Қазіргі кезде олар небәрі 65 мың гектар жерді, яғни 0,065% алқапты жалға алуда.


Сол себепті шетелдіктер қазақстандық жерлерді жаппай жалға алып жатыр деген ақпарат шындыққа сай келмейді.


Мұхтар Құл-Мұхаммед жиналғандарға жерді жалға беру институты аграрлық секторға ұзақ мерзімдік капитал тарту үшін қажет екенін айтты. Онсыз ауыл шаруашылық сектордың отандық экономиканың локомотивіне айналуы екіталай.


«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары азаматтардың алаңдауына еш негіздің жоқ екенін, себебі жер мәселесіне қатысты Мемлекет басшысының ұстанымы берік екенін қадап айтты. Қазақстандық жердің шетел азаматтары мен компанияларына сатылуына Президент түбегейлі қарсы. Бұл мәселе отандық заңнамада анық көрсетілген және де оның сақталуы қатаң бақылауда.


«Соңғы өзгерістерге сәйкес шетелдік инвесторлар үшін ауылшаруашылық бағытта пайдаланылатын жерлерді бұрыңғыдай жалға алу мүмкіндігі сақталған, оның өзі қатаң шарттармен беріледі. Жалға алудың ең ұзақ мерзімі ғана 10-нан 25 жылға ұзартылған», - деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.


Зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысының жер мәселесін жалпыхалықтық талқылауға шығару жөніндегі шешімін толығымен қолдады.


«Президент осы мәселенің түйінін тарқатты. Мемлекет басшысы үшін де, барлық қазақстандықтар үшін де жер ұғымы қасиетті мәнге ие. Біздің кең-байтақ жеріміздің ешбір бөлігін ешуақытта шетелдіктер иеленбейді. Дегенмен, жер еліміздің экономикасына пайда әкелуі тиіс. Шетелдік инвестицияларды тартып, ауыл шаруашылық жерлерді өңдеудің заманауи технологияларынан неге бас тартуымыз керек? Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Сол себепті мен шетелдік инвесторлардың жерді жалға алуын қолдаймын. Ашуға бой алдырмауымыз қажет», - деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының төрағасы Мұрат Журинов.


Кездесуде, сондай-ақ, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз алды. Ол сенбі күні Астанада өткен Жер мәселесі жөніндегі комиссияның алғашқы отырысының нәтижелерін Қазақстанның ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері жоғары бағалайтынын айтып өтті. Сенатор комиссия мүшелерінің құрамы сауатты іріктелгенін айтты.


«Мемлекет башысы өте дұрыс шешім қабылдады. Жер реформасы жөніндегі комиссияның құрамына қоғамның барлық салаларының, Қазақстанның барлық өңірлерінің өкілдері кірген. Әрбір азамат осы өзекті мәселе  бойынша өз пікірін ашық білдіре алады», - деп толықтырды өз сөзін Нұрлан Оразалин.


Халық әртісі Бибігүл Төлегенова азаматтарды жер реформасын талқылау кезінде салмақтылық сақтауға шақырып, тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жетістіктерінің барлығы бейбітшілік, тұрақтылық пен бірлік арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.


Беделді қазақстандық ғалым-экономист Рахман Алшанов жиналғандардың назарын барлық дамыған елдерде жер экономиканың дамуы үшін қызмет ететін қуатты капитал екеніне аударды.


«Біз өзіміздің ауыл шаруашылық жерлерімізді инвестиция тарту құралы ретінде қарастыруымыз қажет. Оның көмегімен біз аграрлық секторды дамытып, астық өнімділігін арттырып, мал басын көбейту, шикізат өңдеу көлемін арттырып, жаңа кәсіпорындар салып, экспортқа шығару, он мыңдаған жұмыс орындарын құруға және де осылайша аулымыздың жағдайын жақсартуға мүмкіндік аламыз. Жерімізге деген шынайы жанашырлық деп осыны айт. Өз басым Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту мәселеріне қатысты осындай заманауи көзқарас ұстанатынына қуаныштымын», - деп қорытындылады «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов.


Қазақстанның ғалымдары, мәдениет мен өнер қайраткерлері жер реформасын халық арасында түсіндіруге белсене атсалысатынын айтты.


«Нұр Отан» партиясы осы сияқты кездесулерді тұрақты түрде Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізеді.


 

Рекомендовать
Последние новости