Ким vs Кремль: Экс-депутат Путиннің мысын басатын саясаткердің атын атады

Dalanews 22 мар. 2022 19:19 832

Николаев облысында өмірге келген 41 жасар Виталий Ким бүгінде өзі туған өңірді басқарып және Ресей әскерінен қорғап отырған Украинадағы ең танымал шенеуніктердің бірі деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Ешқашан мемлекеттік секторға бармаймын" деген кейіпкеріміз соғыста халқын жұмылдырып қана қоймай, бір өзі тұтас ақпараттық агенттіктің қызметін қатар атқарып отыр.

...

Виталий Кимнің өмір жолына үңілмес бұрын, алдымен оның келіссөз жүргізудегі талантын тани білген экс-Дума депутаты, журналист Игорь Яковенконың пікіріне орын берейік.

Ресейдің басқыншылық саясатына батылы барып, қарсы шыққан Яковенко "Путинмен келіссөз жүргізуге нақ осы – Кимді аттандыру керек" деп санайды.

"Путин Украинаға бекер бас сұқты. 40 млн халықты тізе бүктіремін деп, бармағын шайнап қалды. Ол бұл шайқаста жеңіледі. Кремльдің күші сарқылған, қансыраған көсемімен келіссөз жүргізуге Виталий Кимді жіберу керек.

Зеленский дәл қазір әлемдік масштабтағы тұлға! Оның деңгейі Байден, Джонсон секілді жаһандық лидерлермен қатар тұр.


Зеленский қазірден бастап соғыстан кейінгі Украинаны едел-жедел қалпына келтіруді ойластыра бастауы тиіс.

Ал Путиннің мәселесін шешуді Виталий Кимге тапсыру қажет.

Трибуналға жөнелтпей тұра Кимнің алдынан өткізіп алғанымыз жөн. Путиннің мысын басатын жалғыз адам дәл осы - Ким. Сенбесеңіз, оның телеграм-арнасын шолып шығыңыз, тұрғындармен тілдесу стилінің өзі соғыстан қалжыраған халыққа күш-қуат береді. Басқыншылардың бомбысы күні-түні төпелеп жатса да, жасымаған, жүзінен күлкі кетпейді, туған қаласын тұс-тұстан анталаған жауға алдырар емес.

Путинмен келіссөз жүргізуді Кимге тапсыру қажет. Бұл Путиннің ақырғы келіссөз болады", – дейді Яковенко.

...



Бүгінде украиналықтар жедел ақпарат алып отырған танымал Telegram-каналды Кимнің өзі емес, коммуникация бойынша кеңесшісі Виктория Олейник 24 ақпан таңғы сағат 7-де, жанармай бекетінде тұрып ашқан екен.

Дәл осы сәт  «Кульбакино» әскери аэродромында атыс басталып, тұрғындарға хабарлама жіберу қажет болады.

«Ешкім канал мұншалық танымалдыққа ие болады деп ойламады», –дейді Олейник.

 Алғашқы жарты сағаттың өзінде  1000 адам тіркелген. Қазір Кимді 730 000 мың оқырман оқиды.  Николаев қаласында 490 000 мың, ал  облыста– 1,1 млн тұрғын тұрады.


Билікке келгенге дейін кәсіппен айналысқан ол 30 жасқа дейін екі рет банкротқа ұшырайды, ал 40 жасында кәсібін біржола тастайды.

...

Ресей әскері Николаевқа соғыстың бірінші күнінен шабуыл жасауда. Басқыншылардың облыс пен қаланы тез басып аламыз деген жоспарлары жүзеге аспай жатыр.

Николаев облыстық мемлекеттік әкімшілігінің басшысы Виталий Ким қорғанысты сақтап қана қоймай, барынша позитивті көңіл-күймен халықтың рухын көтеріп жүр.

«Соғыс басталған сәтте қорықтық, қобалжыдық. Үрей құшағында жүрсек оккупантарға тойтарыс бере алмас едік. Бірден есімді жиып, басқыншылардың қарымта қайтарудың жоспарын жасауға кірістік», – дейді Ким.

Ол Telegram-каналын күн сайын: «Қайырлы кеш, біз Украинаданбыз» деген әннің сөздерінен бастайды.

Соғысқа дейін баспасөз жиындарында журналистермен әзілдесіп тұратын облыс басшысын медиа өкілдері жиі сынаған.

«Қазір облыс басшысының позитивті көңіл-күйін бәрі басқаша қабылдайды»,-дейді Олейник. Ким спортты жақсы көреді, бала кезінде тхэквондо, баскетбол, кикбокспен айналысқан.

Виталий Ким Николаевтағы Ұлттық кеме жасау университетін «Кәсіпорын экономикасы» мамандығы бойынша бітіріп, бизнеспен айналысқан. Ол серіктестермен бірге Николаев, Херсон және Запорожьеде тұрғын үйлер салатын S. DEVELOP құрылыс компаниясының негізін құрған. Компания сайтында салынған алты кешен бар.

2019 жылы Николаевта «Халық қызметшілері» партиясының сайлауалды штабын басқарған.

БАҚ-қа берген сұхбатында ол:

«Егер президент Владимир Зеленский болмаса, саясатқа бармас едім» деп мәлімдеген.

«Николаевта президенттік партия сайлауға дейін аймақты түсінетін және процестерді тез реттей алатын адамға мұқтаж болды», дейді Олейник. Бұл уақытта Ким өзінің жеке бизнесіне басқарушы серіктестер мен директорларды жалдап отырған.

«Маған келіншегім көп демалатынымды айтып, балық және аң аулауымның жиілеп кеткенін еске салды. Осы кезде мен бірдеңемен айналысу қажеттігін түсіндім»,-дейді ол.

Ким «Халық қызметшілері» штабына бастапқыда ерікті болып келген. Содан кейін Штаб бастығының орынбасары, сосын басшы болды. Штабта ол пайдалы болу үшін өзінің жеке кәсіпкер екенін жасырған, тіпті, мемлекеттік секторға басшылық қызметке баруды жоспарламаған.

Сол жылы Николаевтағы қала мэрінің сайлауында «Халық қызметшілері» партиясының үміткері жеңіліске ұшырайды, ал партия атынан губернаторлыққа Киевтен Александр Стадник деген адам келеді.



Бірақ Стадник жергілікті кәсіпкерлермен тіл табыса алмағандықтан, президент Кеңсесі оны ауыстыруға шешім қабылдайды.

Кимді облысқа басшы ретінде Николаевтағы «Халық қызметшілері» фракциясының басшысы Давид Арахамия ұсынған. Ол екеуі бір-бірін мектептен бері білетін болып шығады.

...

Облыс басшысы болу туралы шешімді Ким екі тәулік ішінде қабылдайды. 2020 жылдың 25 қарашасы күні ол мемлекеттік секторға барғысы келмейтінін айтып отырса, 27 қараша оны тағайындау туралы қаулыға Зеленский қол қояды.

«Мен Киевке жеке шаруаларыммен келген болатынмын, содан Давид қоңырау шалып, кеңсесіне келуімді өтінді. Сөйтсем олар мені бірден сұхбаттасуға шақырған екен», – дейді Ким.


Осылайша ол күтпеген жерден миллион тұрғыны бар облыстың басшысы болып тағайындалады. Кимнің тағайындалуын бизнес өкілдері жақсы қабылдаған.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ол бейбіт күнде 20 жыл жөндеу көрмеген облыстағы жол құрылысын жандандырып, «Үлкен құрылыс» бағдарламасы аясында 300 шақырым жолды жаңартқан.

Сондай-ақ, аграрлық секторды дамытуды қолға алып, инвесторлардың көмегімен жаңа суармалы жүйе салуды жоспарлаған.

...

Соғыстың алғашқы күндерінде Ким жергілікті бизнес пен шенеуніктерді жинап, оларды қала мен аймаққа көмектесуге бағыттаған.



Ал өзі болса қаладан шықпай, күн-түн демей жұмыс істеуге дайын екенін көрсеткен.

Соғыс аяқталғаннан кейін жұлдызды шенеунік жақсылап ішіп, тойлап алып, облыстағы аграрлық сектор мен туризмді дамытуды қолға аламын деп отыр.


«Биыл жаңа спорт нысандарының құрылысын бастауды жоспарлаған едік. Соның ішінде мұз айдыны бар, бес бірдей спорт мектебі және аймақтағы спорт училищелерін жаңартуды көздегенбіз. Украинаға басып кірген «путиншілдердің» кесірінен қолға алған жобаларды кейінге қалдыруға тура келді.

Бүкіл Николаев өңірінің тұрғындары қолына қару алып, басқыншыларға тойтарыс беруде. Орыс оккупантарын толық талқандап, үйлеріне тырқыратып қуғанға дейін тыным таппаймыз. Басты мақсатымыз – жеңіске жету», – дейді Ким.

Әзірлеген, Айжан Қалиева


 

Рекомендовать
Последние новости