Киіз басу, сырмақ сыру ғасырлар бойы жалғасып келеді

Жарбол Кентұлы 17 сент. 2024 14:36 1616

Көшпенді өмір салтын ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы малдың жүні мен етін пайдаланғаны белгілі. Ата-балаларымыз қой жүнінен түрлі бұйымдар жасап, күнделікті өмірінде кеңінен пайдаланды. Атадан қалған киіз басу, сырмақ сыру ісі әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Көне тарихтың қатпар-қатпарына үңілсек, киіздің алғашқы нұсқалары адамдар қола дәуірде тас үйлерін тастап, көшпелі өмір жағдайына көшкен тұста пайдалана бастағанын байқаймыз. Сондықтан қола дәуірдегі тас үйлер киіз үйлердің пішіні секілді дөңгелек, күмбезді, жарық төбесінен күн сәулесі түсетіндей етіп жасаған.

Ежелгі сақтар үйге әр беретін текемет, сырмақтар жасап қана қоймай, киізден әртүрлі киім үлгілерін де тіккен. Арада қанша ғасыр өтсе де киіз басудың әдіс-тәсілдері ешбір өзгеріссіз бізге жеткені баршаға мәлім. Сақтардың киіз бұйымдарының қазіргі киіз, сырмақ, текеметтен айырмашылығы тек қана бейнелеу мәнерінде болған.

Ата бабаларымыз қойдың күзем жүнін тулаққа салып сабап, шиге шабақтап тартқан. Одан кейін үстіне суық су бүркіп, шиді орап, арқанмен шаңдып буады. Одан соң оның үстіне ыстық су құяды. Киіз басушылар шидің ортасына бостау арқан салып, киізді теуіп домалататыны баршаға мәлім. Шиден алынған киізді он шақты әйел білекпен илеп болған соң кептірген. Осы технология ауылды жерлерде әлі күнге дейін қолданамыз.

Көшпенділер көктем келіп, ауа-райы жылынған сәтте «қой қырқу», «жүн сабау», «киіз басу» жұмыстарына кіріскен. Киіз басуға жүнді сабынмен жуып, күнге кептіреді. Содан соң жүнді сабаумен сабап, шаң-тозаңнан арылтқан соң ұйысқанын жазу үшін түткен. Киіз басуға жүннің табиғи түсін пайдаланған. Ал текемет, сырмақтардың бетіне салынатын өрнектердің жүнін түрлі-түсті бояулармен бояйды.

Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақ даласында өрмек тоқымаған, іс тікпеген қыздар мен әйелдер болмаған. 1968 жылдары қазақ өнерін зерттеген ғалым М.Красовский осындай тұжырым жасапты. Киіз басу жұмысында қазақтардың шеберлігі жоғары дәрежеде болғаны жайында И.Я.Соловцев: «Қазақтар киізді өте тез және сапалы етіп басады. Бұл жөнінен орыстың киіз басушылары олармен жарысқа түсе алмайды» деп жазған. С.М.Дудин алпыс беттік альбомға акварельмен кілем, киіз, ағаштан жасалған бұйымдардың суретін салған.

Ал сырмақ еліміздің әр аймағында әртүрлі дайындалған. Сырмақты Ақмола өңірінде «оюлы текемет» деп атайды. Заманымызға қарай сырмақ жасау тәсілі өзгеріп, қазір екі түсті матаны қиюластырып салынған оюлы ашық түсті жолақтармен жиектеп тігеді. Мұндай сырмақ киіз сырмаққа қарағанда тез тозады. Барқыт, пүліштен сырмақ тігу Кеңестік кезенде пайда болғаны анық.

Текемет, сырмақ ою-өрнекпен нақышталғанымен қолдану аясында айырмашылық бар. Сырмақтың киізі жұқа болып келеді, оған шеті жиектеліп, аппликация тәсілімен тігіледі. Оның бірнеше түрі бар. Олар – «көш сырмақ», «төсеніш сырмақ», «төр сырмақ», «төсекалды сырмақ» деп Бұлардын көлемі әртүрлі және түсі ақ, қара, жиекті сырмақ болған. Әр сырмақтың атауы оның жасалу тәсілін анықтап түр.

С.Қасымановтың пікірінше «ақ сырмақты» қазақтың ескі ғұрпында көбінесе үйленбей оң жақта отырған қыздың немесе қара жамылып, жоқтау айтып отырған жесірдің астына төсеген. Ал «дебіске сырмақты» жас келіншектер мен күйеу жігіттерге төсеген. Ондай сырмақты түс киіздің орнына да қолданған.

Текемет жасауда да әр өңірдің қолтаңбасы көрініп тұрған. Мысалы, Оңтүстікте текеметтің ортаңғы бөлігін шымқай қызыл түске бояп, үстіне түр салса, Батыс Қазақстанда ақ текеметің бетіне жіңішкелеп, жиектеп «талдырма ою» салып, ортаңғы бөлігін ромбы бұрыштарына бөлген.  «Талдырма салу» салу үрдісі Жетісу өңірінде де кездеседі. Оның Батыс Қазақстандағы қазақтардікінен айырмашылығы – талдырма оюлары жалпақ, сырмақ оюлары екілді болып келген. Кейбір жерлерде текеметтің екі бетіне ою да салған.

Қ.Мұқанов текеметке салатын оюлар түрін былай топтастырады. Жан-жануарларға байланысты ою-өрнектер – «қошқармүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «тармақмүйіз», «қырықмүйіз», «кілтмүйіз», «арқанмүйіз», «бұғымүйіз», «маралмүйіз», «түйетабан», «итқұйрық», «құсканат», «жарқанат», «қарғатұяқ» десе, ал өсімдік тәрізді ою-өрнектерді – «гүл», «жапырақ», «бадам», «шырмауық», «қияқ» деп жіктеген.

Киіз басу, сырмақ сыру, түкті кілем және алаша тоқу сақ дәуірінен бастау алады. Жүннен тоқылатын заттардың жасалу технологиясы ғасырлар бойы өзгермей, көшпелілердің дәстүрлі өнеріне айналған. Ірі өндірістерде дайындалған кілем, алашалардан гөрі шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар әлдеқайда көркем, сапасы жоғары болған.

Қазіргі шеберлер киіз бұйымдарына стилизацияланған ою-өрнек қолданады. Сақ дәуірінде киіз бұйымдар мен түкті кілемдерде аң, жануарлар, мифтік образдағы құстар бейнеленген. Сақ шеберлері өнер туындыларына құстар мен жан-жануарлардың бастарын кішірейтіп немесе әдеттен тыс үлкейтіп, стилизацияланған нұсқасын түрлі композицияда бейнелеген.

Сақ шеберлерінің мұндай мәнері ғылымда «аң стилі» немесе «зоомифтық стиль» деп аталады. Сақ шеберлері стилизацияланған ою-өрнектермен қатар түскиіздерге адамды, аң, құс, жануарлардың қимыл үстіндегі бейнесін салған. Мұндай түскиіздер сақтардың дүниетанымы мен рухани өмірінен көп ақпарат береді. Киім мен кілемдерде сақ шеберлері өз кезеңіне тән құбылыстарды бейнелеуге тырысқан.

Бүгінде қазақ қолөнер шеберлері сол дәстүрді ары қарай жалғастырып, қазақтың киіз басу, сырмақ сыру өнерін барынша дамытып, оған заңманауи реңк беруде. Осылайша қазақтың қолөнер бұйымдары жан-жақты дамуда.

Айнұр ЖҰМАХАН


Рекомендовать
Последние новости