Киік еті заңдастырыла ма? Министрлік жауап берді

Қаракөз Амантай 08 июл. 2025 14:48

Қазақстанда сайғақтардың санын “реттеу” науқаны ресми түрде басталды. Бұл шара аясында 800 мыңға жуық дала киігін жою көзделіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экология министрлігі аңшылардың атып өлтірген сайғақтарының етін өздері алып кетуіне рұқсат бергенін мәлімдеді. Ведомство тіпті сайғақ етін өңдейтін ет комбинаттарын салу процесін бастап кеткенін, алдағы күндері бұл еттің бағасы да жарияланатынын хабарлады.

Ресми мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстандағы сайғақ саны 3,9 миллионға жеткен. Бұл – 1974 жылғы тарихи көрсеткіштен үш есе көп. Ауыл шаруашылығына келіп жатқан залалды алға тартқан билік, әсіресе Батыс Қазақстан облысындағы фермерлердің шағымынан кейін осындай шешім қабылдаған. Өңірде 2,3 миллионға жуық сайғақ мекендейді. Осы аймақта 460 мыңға дейін киік ату жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сайғақ етін өңдеумен айналысатын 18 кәсіпорын тіркелгенін, оларда ветеринарлық бақылау қарастырылғанын айтты. Киік етінің бағасы 10 күн ішінде белгілі болады. Кейін өнімді өткізу жолдары анықталады.

Ресми аңшылық маусымы 3 шілдеде басталып, 30 қарашаға дейін жалғасады. Алайда атылатын киіктің жынысы мен жасына қарай мерзімі өзгеше: еркектері — 1 шілдеден 30 қарашаға дейін, аналықтары мен биыл туған төлдері — 1 қыркүйектен 30 қарашаға дейін.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 800 мыңға жуық ақбөкен аулануы мүмкін екені хабарланған еді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

“Ғылыми негіздемеге сәйкес, бүгінгі таңда бүкіл популяцияның 20 пайызын табиғи ортадан алу ұсынылып отыр. Көктемгі есеп қорытындысы бойынша, Қазақстандағы ақбөкен саны ресми түрде 3,9 миллионға жетті. Оның ішінде 2,3 миллионы – Орал популяциясына, 1,6 миллионы – Бетпақдала популяциясына, ал 78 мыңы – Үстірт популяциясына тиесілі. Жалпы алғанда, біз 4 миллионға жуық, нақтырақ айтсақ, 3 млн 978 мың деп есептейміз. Осыған сәйкес 800 мың ақбөкенді ату көзделіп отыр”, — деді министр.

Министрдің айтуынша, жануарлардың жынысы мен жасы да нақты белгіленген.

“40% – аталықтар, 40% – аналықтар, 20% – биыл туған төлі. Яғни, қазіргі таңда бізде барлық есеп, параметрлер нақтыланған. Өткен аптада ғылыми негіздемені ресми түрде алдық. Бүгін ұйымдастырушылық мәселелерді талқыладық. Бір-екі күн ішінде шешімімізді ресми түрде жариялаймыз”, — деді Ерлан Нысанбаев.

Сондай-ақ министр ақбөкен етін өңдеуге арналған жеке ет комбинаты салынуы мүмкін екенін айтты.

“Мұншама көлемде жануар алынса, етін өңдеу мәселесі өте маңызды болмақ. Сондықтан бүгінгі таңда біз жергілікті құрылымдармен бірлесіп, ақбөкен етін қайта өңдейтін ет комбинаттарын салу бойынша инвестициялық жобаларды пысықтап жатырмыз. Қазіргі таңда бұл бастамаға алтыға жуық компания қызығушылық білдірді”, — деді ол.


Рекомендовать
Последние новости