Көне тарих көмескі тартпасын

Dalanews 21 нояб. 2018 15:23 864

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы Дала елінің жеті қыры» атты мақаласын тебіреніспен оқыдық. Бабаларымыздың өз заманында өркениетке қосқан үлестері мақалада көрсетілгендей батыс пен шығысқа, күнгей мен теріскейге таралды.

Соңғы жылдары табылған археологиялық деректер мен өзге елдердің архивтеріндегі шаң басып жатқан мұрағаттарды толықтай зерттеуге бетбұрыс жасау керектігін замана талабы тудырып отырғанын айта келе: «Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» - деп Елбасының ой түйіндеуі өте қисынды.

Халықаралық қоғамдастықта біздің елімізді мекен ететін және біртұтас Қазақстан халқын құрайтын барлық ұлт өкілдерінің толеранттылығын, конфессияаралық және мәдениаралық келісімін қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті саясатымыз қазірдің өзінде кеңінен танылып отыр. Елбасының саралы да салиқалы саясатының арқасында халқымыз осы заманғы және бәсекеге қабілетті зайырлы мемлекетті белсене орнатып жатыр.

Еліміз тәуелсіздік алғалы қол артқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістік пен мемлекеттілікті баянды етпекке тек материалдық игілікті ғана мансұқ ету жеткіліксіз.

Бүгінде өз тамыры мен өткеніне, ана тіліне, дініне, діліне әлемнің біраз мемлекеті бет бұра бастады. Оның жолын әркім өзінше танып, өзінше бағамдауда. Солардың қатарында әлемдік қауымдастықтың назарына ілігіп, бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып үлгерген Қазақстан Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтып өткен ұлттық стратегиялық «Мәдени мұра» жобасы арқылы талпынуда.

Жаратылысында – шығыстық, бітімінде азиялық болғанымен, қазақ халқы, шын мәнінде, осы екі құбылыстан да оқшаулау, табиғаттың бір бөлшегіндей, даланың төл перзенті. Соның бір дәлеліндей ұлттың рухани байлығы мен тарихын танытуды қолға алған «Мәдени мұраның» түзілісі бөлек, мақсаты - ерек, аясы – ауқымды болды. Мәдениеттанушылар мен ғалымдар бұл жобаны еліміздің кешегісі мен келешегін хаттап, әншейін тізбелеп қоя салар кезекті шара емес, ғаламдық маңызы зор, демек, қазақ мәдениетінің әлемдік өркениетте таласы бар екендігін танытатын құбылыс болатындығы туралы салмақты пікір айтты. Мәдениеттің, ғылымның, философияның, әдебиеттің ең үздік үлгілерінің қазақ тілінде жарық көруі мен халқымыздың бай мұрасы мен жетістіктерін басқа тілдерге аудару - ұлтымыздың рухани мұрасын бірте-бірте әлем жұртшылығына таныту болып табылады. Бұл Елбасының төл мәдениетіміздің әлемдік мәдени кеңістікке кірігу мақсатындағы тек мамандарға ғана емес, бүкіл еліміздің алдына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қойған міндеті.

Әрбір мемлекеттің өркениеттілігін оның тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып, бағамдауға болатыны анық. Демек, Қазақстанның мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатына екі түрлі міндет жүктеледі:

бірі - өзіндік этникалық мәдениетті дамыту мен қолдауға бағытталған шаралар кешенін нығайту;

екіншісі - төл мәдениетті оңтайлы өрістете отырып, әлемдік мәдени кеңістікке ену үшін тиімді жағдай жасау.

Елбасының мақалада «Біздің түп - тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам». Жауынгердің алтынмен апталған киімдері, ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуатымен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.» - деуі өте лайықты баға. Бабаларымыздың жаһандық өркениетке қосқан қомақты үлес салмағы, ал, аң стилін қолдану арқылы тектілігін дәріптегендігі аңыз ғана емес нақты дәлелдермен айғақталған дүние екендігі баршаны еріксіз мойындатады.

Қазақ халқының ғасырдан ғасыр асырған құнды ескерткіштері мен тарихи мұрағаттары - тек қазақ ұлтының ғана емес, әлем мәдениетіне үлес қосушы жәдігерлер. Соның дәлеліндей, қазақ халқының іргелі тарихи ескерткіштері халықаралық деңгейде танылып келеді. Мәселен, Қожа Ахмет Иассауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Бұл олардың Қазақстан мен Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығы үшін маңызы зор мәдени-тарихи нысан екендігінің бірден-бір айғағы.

Төрткүл дүниеге елдің оң имиджін қалыптастыру үшін және әлемдік мәдени кеңістікке кірігу мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру үшін халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізілуде. Биыл «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейі Түркия мемлекетінің үш қаласында, Грецияның «Салоники», Ресейдің «Сочи» қалаларында өткізілген халықаралық көрмелерге қатысты.

Мақалада облыс орталығы Түркістан қаласының мәртебеге лайық рухани астанаға айналуы да назардан тыс қалмаған. Ұлы даланың Ұлы есімдерін ұлықтау, оқу-ағарту энциклопедиялық саябақ ашу, өнердің бар саласында насихат жұмыстарын жүргізу, бұл – үлкен міндетті жүктейтін мақаланың негізгі өзегі.

Халықаралық дәрежеде өміршең маңызды рухани мәселелерді шешуде басқа елдермен ынтымақтаса отырып, біз халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде өзіміздің рөліміз бен беделімізді алдағы уақытта да нығайта беретін боламыз жәнеалдымызға Елбасы қойып отырған биік мақсаттарға жету үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз.

 

Нұрболат Ахметжанов – «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры, мәдениет қайраткері.

Рекомендовать
Последние новости