Ж.Түймебаев: «Мақтаарал ауданының мерейлі мерекесі бәрімізге ортақ»

Dalanews 21 нояб. 2018 15:16 1061

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейіұлы Түймебаев Мақтаарал ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, ауданның 90 жылдық мерейтойына қатысты. Қараша айының 16, 17 және 18 жұлдызы күндері өткен мерейтойда ғылыми, мәдени, ұлттық-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді. 

Ең алдымен өңір басшысы «Ақ алтын» мәдениет үйінде өткен ауданның 90 жылдық мерекесінің ашылу салтанатына қатысып, еңбекқор мақтааралдықтарға деген ізгі тілегін арнады.

– Облысымыздың басқа аудандары сияқты мақталы Мақтааралдың да тарихы өте бай. Аңызға бергісіз әңгімелері мен оқиғалары да сан алуан. Алғашында Мырзашөл атауымен белгілі болған бұл мекеннің ерекшелігі – жерінің жомарттығында. Мақтааралдықтардың ерен еңбегі мен ақылы – шөл даланы гүлді, жазиралы жәннәт мекенге айналдырды. Мырзашөл даласын суландырудағы негізгі мақсат – мақта алқабын молайту еді. Алғаш рет ауданда мақта шаруашылықтары құрылып жатқанда Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары қызметін атқарып жүрген ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов каналды қазушылармен болған кездесуінде мақтаның аса қымбат шикізат екенін, болашақта ақ алтын күллі Түркістан өлкесінің байлығы болатынын айтқан екен. Міне, Елбасымыздың тікелей қолдауымен Түркістан облысының жаңа дәуірі басталып келеді. Облысымыздың қиыр оңтүстігінде орналасқан, ақ алтынның ордасы – мақталы Мақтаарал ауданының мерейлі мерекесі бәрімізге ортақ. Мақсат — той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру, – деді Ж.Қансейітұлы.

Мұнан соң облыс әкімі Мырзакент кентінің орталық алаңында өтіп жатқан күзгі жиын-терім науқанын қорытындылауға арналған «Алтын күз – 2018» іс-шарасына аялдады. Биыл мақтааралдық диқандар 60 926,3 гектар жерге егістік ексе, оның 38 593,2 гектары мақта дақылы болатын. Аудан бойынша бүгінге дейін 96 мың 600 тонна «ақ алтын» жиналды. Алдын ала жүргізілген есеп бойынша әр гектардың өнімділігі 21,4 центнерге жоспарланған еді. Алайда, аудан диқандарының қажырлы еңбегінің арқасында бұл көрсеткіш 25 центнерді құрап отыр. Мақташыларымыздың бұл жетістігі ауданның 90 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды.

Жалпы мақтааралдық диқандар биыл 316 366,5 тонна бақша дақылын (оның ішінде қауын 271 416,5 тонна, қарбыз 44 950 тонна), 8 749,9 тонна күріш, 298,4 тонна маш, 19 471 тонна дәндік жүгері, 10 724 тонна сүрлемдік жүгері, 2 тонна сарымсақ, 250 тонна пияз, 3 730 тонна қызанақ, 4 165 тонна қияр, 129,5 тонна сәбіз, 1 244 тонна баклажан, 760 тонна болгар бұрышын өндірді.

Биыл қазақ мақтасына 100 жыл толып отыр. Осыған орай Атакент кентіндегі «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтында Қазақ мақтасының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Мырзашөлді игеру тарихында 1917-1920 жылдары өте ауыр кезеңдердің бірі болды. Бұрынғы көшпелі малшы қазақтардың өз беттерінше жер қазып, арық тартуы нәтижесінде суландыру жүйесімен қамтылған танаптар кеңейтілді, 1918 жылы Мырзашөлде егістік алқабы 28 669 гектар, оның ішінде мақталық алқаптың көлемі 1 349 гектарға жетті. Міне, осы кезеңнен бастап қазақ жерінде тұңғыш рет мақта шаруашылықтары құрыла бастады. Содан бері 100 жыл өтіпті. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 1998 жылы Мақтаарал ауданының 70 жылдық мерейтойына қатысып, сонда айтқан «Мақтаарал – Оңтүстік Қазақстанның жүрегі» деген сөзі аудан халқын бұрынғыдан да үлкен болашаққа жетеледі. Президентіміздің тапсырмасымен Сырдария өзенінен үлкен көпір салынды, мақта саласын дамыту үшін тоқыма кластерлері құрылды. ҚР-ның «Мақта саласын дамыту туралы» арнайы заңы жұмыс істеуде. Мақтаны терең өңдеп, экспортқа шығару үшін Шымкентте «Ерікті экономикалық аймақ» құрылды. Міне, осы орасан жұмыстың барлығы осыдан 100 жыл бұрын бастау алған қазақ мақтасының қиын да табысты жолы еді.

Жалпы 3 күнге жоспарланған Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойында «Терме – бойтұмарым» атты термешілер байқауы, «Палау фестивалі» іс-шарасы, жастар арасында жайдарман ойындары, мерекелік концерттер, отшашулар, тауар өндірушілер мен қолөнершілер көрмесі, орта білім мекемелері өнерпаздарының ән шашуы, «Бауырсақ фестивалі» іс-шарасы, Жетісай ауданы өнерпаздарының «Мырзашөлім – мырза елім!» атты концерті, ұлттық ойындардан жарыс, «Мақтааралым – мерейлі мекенім» атты гала концерт өтті. Сонымен қатар, күллі қазақтың қанын тулататын ұлттық көкпар ойыны ұйымдастырылып, Республиканың түрлі өңірлерінен шабандоздар келді.



Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости