Көкпардан Ұлттық құрама Көшпенділер ойындарына дайындықты күшейтті

Жарбол Кентұлы 30 июл. 2024 10:41 1789

Астанада өтетін 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеевтің айтуынша, осы оқу-жаттығу жиыны аясында қыркүйекте өтетін ойындарға қатысатын жылқыларды шабандоздар баптап жатқанын алға тартты. Көкпарға 40 жылқының ішінен мықтылары іріктеліп алынған.

Оның сөзінше, команда дайындығы қазір жоғары деңгейде. Ұлттық құрамаға Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген командалар мықты қарсылас бола алады.

– Екі айдан бері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді дайындалудамыз. Еліміздің намысын абыроймен қорғауға бар күшімізді саламыз. Осындай маңызды спорттық жарыстың елімізде өтіп жатқаны бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бірінші оқу-жаттығу жиынында өзіміздің күш-қайратымызға баса мән берсек, енді жылқыларды дайындап жатырмыз, – деді көкпардан Ұлттық құрама мүшесі Әділет Мамыт.

Естеріңізге сала кетейік, Республикалық көкпар федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар, қауымдастық құрамында Бәйге, Жамбы ату, Аударыспақ, Садақ ату, Құсбегілік, Асық ату, Теңге ілу, JORYQ және т.б. федерациялар бар. Ал қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.


Рекомендовать
Последние новости