Көк жұлын боп шұбырған ерлерім-ай…

Dalanews 20 нояб. 2023 11:47 1403

«Жақсы адамның мойнына алған борышы темір шынжырдан да, аттың кісенін де мықты». Алты алашқа дем берген, алпыс өнер меңгерген, жүйрік жылқы мен қыран бүркітті серік етіп, ұлтымызға тән құндылықтарды мұра етіп қалдырған дана да дара қазақ көк жұлын боп шұбырған аласапыран кезеңді де бастан кешірді.

Соншалық қиын тағдырмен келген азаттықтың ақ таңы ерте атқан жоқ. Жер бетінен жойылып кету қаупі басымызға төніп, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманды да өткердік. Ел мүддесіндегі ең ауыр кезеңдердің бірі – Алаш арыстары өмір сүрген кезең.

«Алаш» сөзінің түркі тілдеріндегі білдіретін мағынасы «бауырлас», «қандас», «аталас». Сондай-ақ, «Алаш», «қазақ» сөздері өзара тең мағынада жұмсалып, екі сөз де «еркін», «азат» деген ұғымды береді.

Сонау ықылым заманнан бері қаншама қиын кезеңдерді бастан өткерген халқымыздың азат ел екендігін мақтанышпен еске салады. Керуенге мінген кемел тарихымыздың іргетасын қалаған, ұлтымызға адал қызмет еткен, рухы биік Алаш зиялыларының есімдері ел есінде.

Қанын да, терін де төгіп, жан аямай күресіп, елінің ертеңі үшін парыз бен намысты алға қойып, өлімге бас тіккен нар боздақтардың ерен еңбегі ел болып қалыптасу жолындағы баға жетпес құндылық. Халық үшін, ұлт үшін өлшеусіз қымбат нәрсе – еркіндік, азаттық, егемендік.

Елінің ешкімге тәуелді болмай, қыздарының көктен құйған жауын болған көз жасының арайлап атқан күндей болуына, ерлерінің тыныш заманда ғұмыр кешіп, отбасына қорған болып, бейкүнә сәбилердің бейбітшілік өмір сүруі жолында Алаш зиялыларының төккен тері мен қаны теңдесі жоқ ұлылық. Қазақтық қанды тірілтіп, адамдық сананы оятқан жасын отын жаққан ұлт көсемдері жалынды жігер сыйлайды.

Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсаты мен міндеті – ұлттың болашағын жарқын ету, маса боп ызыңдап, қалың ұйқыда жатқан халықты ояту.

Сол мақсатына жету үшін ешнәрседен тайынған жоқ, тіпті өз өмірлерін қиды. Алаш Орданың белді өкілдері бірігіп, артынан ерген азаматтарға дұрыс жол сілтеп, адалдыққа үйретті. Адамзаттың арына асыл рух себетін алтын әріппен жазылған есті сөздері мен еңбектері қаны да жаны да қазақ болған ұрпағына арналып жазылған кемеңгер ой, жігерлі жалын іспеттес.

Ұлт көсемдері туралы көптеген тың мәліметтер жоғалып, еңбектері ащы зілдің кесірінен отқа жанып, күл болған, тіпті тұтынған бұйымдарының көпшілігі сақталмаған. Пиғылы арам, дүниедегі ең ауыр жазаны ойлап тапқан қаныпезер сары жыландар ұлтымыз үшін құны жоғары құндылықтарды мәңгі жойып жіберген.

Дегенмен, сақталып қалған мәліметтер өз бағасын мәңгі жоғары ұстап тұр. Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған мұражай – ел үшін ең басты асыл қазынамыз. Сілтідей тынып тұрған бұл мекен –  жазықсыз атылған нар тұлғалары жерленген орын.

Мұражайдың экспозициялық залында қамтылған нәрселер: ұлт зиялылары туралы тың мәліметтер, хаттар, суреттер, қай күні атылғандығы мен жарық көрген еңбектері, сонымен қатар жазықсыз жазаланғандардың көмілген жерінен табылған заттар, атап айтқанда, дүрбі, қобдиша, көзәйнек, аспалы шам, теріден жасалған аяқ киімнің қалдықтары, қалта сағаты, қобдиша. Тас тақтада ойылып жазылған 4125 саяси-қуғын сүргін құрбандарының есімдері, олар туралы жазылған дерекқорды көргенде көңіл жабырқау тартып, жүрек сыздамай қоймайды.

Дерекқордағы мәліметтерге сәйкес, зиялылардың көпшілігі 1937-1938 жылдары ақшұнақ аязда, қаһарлы күнде атылған. Бір ғана оқ талай жанның ғұмырын қиып, мәңгі оралмас мекенге аттандырды. Дәл сол оқ қалдықтары да мұражайда сақтаулы. Телегей теңіз талант иелерінің сүйектері жатқан кең жазық даланы көргенде, өмір бойы білгір саналы, қажымас қайратты болған, сын сағатта шыдас берген зиялы қауымдардың өлімнен де жасқанбай, бұқпай қарсы тұрып, даналық қайратынан айырылмағандығы сезіледі.

Өмірлік азық болатын, рухыңды асқақтатып, жігеріңді шыңдайтын киелі мекенге Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 4-курс, 402-тобының студенттері филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қасенов Ерлан ағайдың көш бастауымен барып, бойымызды құйын сезім билеп, намысымыз жігерленіп, таным көкжиегіміз жаңа белеске көтерілді. Шәкірті үшін «өзінің уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білген» адамзаттың асылы болған Ерлан Сламбекұлына алғыс білдіремін. Елімізде Ерлан ағайдай ұстаздар көбейсе, саналы ұрпақтың санасының жаңғырары сөзсіз анық.

Ерен еңбегін сіңіріп, әр қазақтың санасын биікке көтеріп, ұлттық намысымызды ешнәрсеге айырбастамау керектігін үйреткен, ұлтымыздың басына бақ боп қонған, қазақтың қазақ болып қалыптасуына бар күш-жігерін салған, ұрпақ үшін жанын қиған рухы биік тұлғаларамыздың асқақ есімдері Алаш жадында мәңгі сақталып, жаңғыруы тиіс. Жаңалық ауылында орналасқан мұражайға ат басын бұрып, өз көзіңмен көріп, ұлттық рухты сезіне алудың өзі ұлтқа қосқан үлес деп білемін. Бұл ұлт ұстаздарының алдындағы арман еткен ұрпақтарының парызы мен қарызы. Жүсіпбек Аймауытұлы айтпақшы: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек».

Ақниет ТІЛЕУБЕК, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 4 курс студенті

Рекомендовать
Последние новости