Кентауда модульді капсулалармен жабдықталған демалыс аймағы ашылады

Ақтоты Жапатова 27 июн. 2025 09:32

Кентау қаласында 2025 жылы жалпы құны 10,3 млрд теңгені құрайтын 16 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 492 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Оның ішінде, өнеркәсіп саласында 4 ірі жоба жыл соңына дейін жұмысын бастайды. Бұл туралы Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов брифингте мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

«Биыл ашылатын төрт ірі жобамыздың екеуі арнайы экономикалық аймақта, қалған екеуі индустриалды аймақта орналасқан. Атап айтар болсақ, «KentauRedStar»ЖШС-і – кірпіш өндірісімен айналысады. 2023 жылы құрылысы басталған нысанның жоба құны - 1,5 млрд теңге. Биыл мамыр айында іске қосылған зауытта 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орны жылына 45 млн дана кірпіш өндіруге қауқарлы. Бұдан бөлек, «TURAN SHENHUA» ЖШС-і газ қазандықтарын және тұрмыстық техникалаларды өндіруді қолға алмақ. 2025 жылдың қараша айында жұмысын бастайды деп жоспарланған өндіріс орнында 120 адамға жұмыс табылмақ. Жоба құны – 2,4 млрд теңге. Сондай-ақ, биыл аяқталуы тиіс жобалар қатарында металл бұйымдарын өндіруге бағытталған «АйдарСтройГрупп» ЖШС-і және «Сапар Құрылыс-С» ЖК металл өндірісі цехы бар»,- деді спикер.

Жалпы шаһарда 2025 жылдың 5 айында өңірлік өнім көлемі 33,1 млрд теңгені құраса, негізгі капиталға 5,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 23,6 млрд теңгеге жетіп, облыста 4-орынға жайғасты. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде 20,1 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, ауылшаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 2,1 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, қалаға қарасты аумақтарға туристерді тарту жұмыстары да қарқынды. Жыл басынан бері өңірге келушілер саны 16,6%-ға артқан. Бұл көрсеткішті жақсарта түсу мақсатында Хантағы ауылында 13 га жерге 15 заманауи модульді капсулалармен жабдықталған «KHANTAU» демалыс аймағын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқталуы тиіс жобаның құны 400 млн теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ, «Қаратау» қорығы аумағынан визит-орталығын салу көзделуде. Жалпы аумағы 300 шаршы метр аумақты алатын нысан 100 000 келушіні күтуге қауқарлы.

Сонымен қатар, өңірдегі құрылыс саласында да жаңалықтар жетерлік. 2025 жылдың шілде айында 5 қабатты 60 пәтерлі әлеуметтік-несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ, шаһардағы 288 көпқабатты тұрғын үй қазіргі таңда толықтай жаңартылған. Өңірдегі инфрақұрылым саласында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы бүгінгі таңдағы өңірдің газмен қамтылу көрсеткіші 85%-ға жеткен. Ал, Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар 100% ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, қала көшелерінің жарықтандырылуы 98%-ды құраса, өңірдегі қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 87,7%-ға жетіп отыр.


Рекомендовать
Последние новости