Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған қырғызстандық әнші сынның астында қалды

Көркем Алдабергенова 14 янв. 2025 14:46 925

Қырғызстандық әнші Қайрат Примбердиев қазақ халқынан Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұрағаны үшін сынға ұшырады, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.

Өткен аптада қазақстандық БАҚ-тың бірі Қайрат Примбердиевтен сұхбат алған болатын. Әнші тарихи оқиғаларға қатысты пікір білдіріп, өткенге өкініш білдірген. Ол қырғыз ханы Ормон ханның Кенесары Қасымовтың басын алуға мәжбүр болғанын айтып, қазақ халқынан кешірім сұрады:

«Біздің Ормон хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болған. Мен бұл үшін қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Қазір жылағым келіп тұр, расында. Біз Кенесары ханның басын қайтарып, Құран оқып, бұл өкпені лайықты түрде ұмытуымыз керек», — деді ол сұхбатында.

Алайда бұл сөздері үшін әнші сынның астында қалды, ол «Қазақстанның пропагандасына ерді» деп айыпталды. 24.kg басылымы Қырғызстанның Мәдениет вице-министрі Марат Тағаевтың пікірін жариялады. Ол Қайрат Примбердиев «Қазақстанның ықпалына түсіп қалғанын» айтты.

Шенеуніктің пікірінше, қырғыздар өз жерін қорғаған Ормон ханның әрекеті үшін кешірім сұрамауы керек. Жастар тарихын білуі үшін Қырғызстанда өздерінің тарихи фильмдерін түсіру қажет екенін атап өтті.

Қайрат Примбердиев бұл жағдайға қайтадан түсініктеме беріп, сөздерінің контекстен үзіп алынғанын айтты:

«Мен бұл сөздерді шын жүректен, достық ниетпен айттым. Бірақ кейбір сөздер контекстен үзіліп, бұрыс түсінік болған. Мен сұхбатымда Кенесары хан мен Ормон ханға қатысты тарихи оқиғаларды баяндадым. Бұл жерде мен халықтарымыздың татуласуы үшін кешірім сұрадым», — деді әнші.

Қайрат Примбердиев жақын арада сұхбаттың толық нұсқасы жарияланатынын мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости