Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров кепілге алынған тұрғындардың қаза табуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы әкім әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Облыс орталығындағы қылмыскердің түндегі әрекеті қоғамда жан-жақты талқылануда. Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Құқықтық бағасын құзырлы органдар беретін болады. Қазіргі уақытта зардап шеккен жәбірленушіге жан-жақты медициналық және психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Ал марқұм болған азаматтардың жерлеу рәсіміне қажетті көмектер ұйымдастырылады. Осы ретте күдіктіні ұстауда кірпік ілмей, кәсібилік танытқан полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Қауіпсіздік шаралары - бақылауымда", дейді әкім.
Еске салайық,14 қаңтарға қараған түні Ақтөбеде белгісіз біреу адамдарды кепілге алды. Үйдегі үш адам зардап шекті, оның екеуі қаза тапты.
13 қаңтар күні сағат 20:00 шамасында Жедел басқару орталығына Ақтөбе қаласындағы жеке тұрғын үйден кепілге алу туралы хабарлама келіп түскен.
Жедел-тергеу тобы мен арнайы бөлімшелер оқиға орнына дереу жетті. Жедел қызметтер келген бойда, күдіктімен бұрын таныс болған, бір әйелдің кепілге алынғаны белгілі болды.
Бұл ретте күдікті қандай да бір талаптар қойған жоқ. Үш сағаттық келіссөздерден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талаптарды орындаудан бас тартқаннан соң, шабуыл жасау туралы шешім қабылданған.
Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды.
Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы ата-анасы табылды.
Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, ал екіншісі ауруханада көз жұмды. Үшінші жәбірленушіге дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.
"Полиция департаменті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Кінәлі адам заңның барлық қатаңдығымен жазаланатын болады", дейді полицейлер.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.